Өңірде сайлауға 48 шетелдік байқаушы қатысады

Шамамен 3 күннен кейін ел тізгінін ұстайтын азаматтың есімі белгілі болады. Қазір учаскелерде жұмыс істейтін мамандар соңғы дайындықтарын пысықтап, нысандар тексерістен өткізілуде.

Әзірге, өңір бойынша шетелдік байқаушылардың саны екеу ғана. Олар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы атынан ұсынылып отыр. Норвегия мен Италиядан келген мамандар аймағымызда мамырдың ортасынан бері жұмыс істеуде. Меймандар сайлау учаскелерінің керек-жарақпен қамтылуын және қызметкерлердің дайындығын назарда ұстап жүр. Бірер күннен соң бұл шаруаны тағы 46 байқаушы атқаратын болады. Бірақ, мамандар енді әзірлікті емес, маңызды шараның әділ және ашық өтуін қадағаламақ.

Дмитрий Ухов – шетелдік байқаушыларға жәрдемдесу орталығының жетекшісі:

– Сайлауға СҚО-ға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тағы 20 өкілі келеді. Сондай-ақ, ТМД елдерін 26 байқаушы таныстыратын болады. Атап айтар болсақ, Ресейдің Қорған облысынан – 19, Түмен өңірінен 7 адам қатыспақ. Мамандарға жұмысқа қажеттінің барлығын дайындап қойдық.

Яғни, оларға сайлау комиссияларының тізімі, учаскелердің мекен жайы мен облыс картасы ұсынылмақ. Себебі, өзге мемлекет пен халықаралық ұйымдар атынан келіп отырған азаматтар кез келген жерге барып, науқан барысымен таныса алады.

Байқаушыларға кіруге байланысты шектеу бар учаскелерге де жол ашық. Бұның барлығы ҚР сайлау туралы заңының 20-шы бабында көрсетілген. Байқаушылар сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысып, дауыс беруді өткізу және оларды санау кезінде де учаскелерге кіре алады. Сондай-ақ, науқан барысы туралы ақпарат алып, сайлаушылармен жүздесуге де құқықтары бар.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің:
1) сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысуға;
2) сайлау комиссияларында сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға;
3) дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде сайлау учаскелеріне кіруге;
4) сайлау процесіне қатысушылармен кездесуге;
5) өздерінің байқағандары, анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерін хабардар етуге, ұсынымдар енгізуге;
6) жария мәлімдемелер жасауға;
7) дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға құқығы бар.

Бірақ, байқаушыларға қойылатын шектеулер де жоқ емес. Мәселен, мамандар сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдер қабылдау рәсіміне араласпауға, олардың жұмысына кедергі келтірмеуге міндетті. Сондай-ақ, нақты бір кандидат мен саяси партияға жақтас болып, артықшылық беруге де болмайды.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері:
1) жеке басын және аккредиттелгенін куәландыратын құжаттарын өздерімен бірге алып жүруге;
2) сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдер қабылдау рәсіміне араласпауға;
3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға;
4) сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға;
5) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге;
6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.

Жергілікті тұрғындармен тілдесемін, сайлау комиссиясының жұмысымен танысамын деген байқаушыларға аудармашылар көмек көрсетеді. Орталықта екі арнайы маман жұмыс істейді. Аделина Хисматуллина осыған дейін бірнеше халықаралық деңгейдегі шараларға қатысқан. Алайда, мұндай саяси науқанға алғаш рет атсалыспақ.

Аделина Хисматуллина – шетелдік байқаушыларға жәрдемдесу орталығының аудармашысы:

– Біз негізінен орталықта жұмыс істемекпіз. Ал егер байқаушыларға көмегіміз қажет болса, мамандармен бірге учаскелерге барамыз. Өз басым ағылшын және француз тілдерін еркін меңгергенмін. Сондықтан, қиындық туындамайды деген ойдамын.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым өкілдері өңірге ертеңнен бастап келеді деп күтілуде. Байқаушылар аймағымызда мамырдың 11-іне дейін жұмыс істейтін болады.

Эльмира Садвокасова