Қоғам

Биыл жергілікті 3 мыңнан астам отбасы АӘК алған

Биыл 3 мыңнан астам солтүстікқазақстандық аз қамтылған отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұл шамамен 13 мың 700 адам. Аталған мемлекеттік жәрдем түрінен үміттілер баршылық. Сол себепті, оны рәсімдеу жеңіл әрі ыңғайлы етілуде.

Әлеуметтік қорғау жүйесі азаматтарға 21 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Ең танымалы – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мен төлеу. Сондықтан, бұл қызмет түрін алу біршама жеңілдетіліпті. Енді құшақ-құшақ құжат тасудың қажеті жоқ. Тек жеке куәлікті алып, жұмыспен қамту орталығына келу керек. Ал сәуірден бастап елімізде кедейлік шегінің көтерілгенін білеміз. Енді ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысына емес, 70 пайызына тең. Осының арқасында атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұялардың саны артқан.

Сергей Яковенко – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Мәселен, 5 адамнан тұратын отбасыға түсетін айлық табысты оның әр мүшесіне бөлгенде шыққан сома ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болса, жанұя атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Оның аясында әр балаға 20 729 теңге төленеді, ал еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің сомасы арасындағы айырмашылықты алатын болады. Нәтижесінде, 5 балалы жанұяға шамамен 100 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.

Енді отбасының жан басына шаққандағы табысын анықтау барысында көпбалалы аналарға, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақылар әрі оқушы-студенттердің шәкіртақылары тіпті есепке алынбайды. Табысы төмен жанұяларды еңбекке тарту үшін де әрекеттер қолға алынған. Ал егер жанұяның жұмысқа қабілетті мүшесі еңбек етуден бас тартса, жәрдемақы тең жартысына қысқарады. Жағдай екінші рет қайталанса, тіпті, төленбей қояды. Еңбекпен қамту шараларын мемлекеттің мықтап қолға алғанын айта кеткен жөн. Мәселен, жағдайы төмен жанұяларға жаңадан кәсіп ашу үшін қайтарымсыз гранттар да беріледі.

Сергей Яковенко – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Үстіміздегі жылдың екінші жартысынан бастап мұндай грант сомасы 505 мың теңгені құрайтын болады. Бұдан өзге, облыс әкімінің бастамасымен тамыз айында алтын және күміс алқа иегерлеріне 10 АЕК көлемінде біржолғы ақшалай көмек көрсетіледі. 4 баласы бар отбасыларға да 5 АЕК, яғни шамамен 12 жарым мың теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленеді.

Ал шілденің бірінен бастап мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін қаржылай қолдау да 30 процентке артып, 41 мың теңгені құрамақ. Айта кетейік, мүгедектікті рәсімдеу үрдісі биылғы жылдан бастап жеңілдей түсті. Енді ол өтініш берушінің қатысуынсыз белгіленеді. Зейнетақы төлемдерін алу да оңайырақ бола түсті.

Мереке Мұхамедияров – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Былтырдан бастап зейнеткерлер үш мемлекеттік қызметті бір ғана өтініштің көмегімен ала алады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, базалық зейнетақы төлемдерін және БЖЗҚ-дағы төлемдердің барлығы енді бір банк шотына аударылатын болады. Сондай-ақ, енді бұл төлемдерді рәсімдеу үшін баяғыдай үш өтініш емес, біреуін ғана жазу керек.

Ең қызығы, енді перзентханадан шықпай-ақ жаңа туған нәрестенің куәлігін алуға, оны балабақшаға кезекке қоюға не жәрдемақы рәсімдеуге болады. Қолда смартфон не ноутбук болса жеткілікті. Себебі, бұл қызметтер өткен жылдан бастап интернет желісі арқылы көрсетіледі.

Саят Ермек