ТЖ

Бейбіт күннің батыры

Бейбіт күннің батыры. Уәлиханов ауданында шекара қызметінің аға нұсқаушысы Сергей Гайдай жүкті әйел мен оның 5 жастағы баласын суға батып жатқан жерінен құтқарып алған. Жігіттің ерлігін ескерген ТЖД-нің басшылығы азаматты медальмен марапаттады.

Оқыс оқиға Уәлиханов ауданына қарасты Бидайық ауылының маңында болған.
Әскери қызметкер Сергей Гайдай демалыс күнін су жағасында, балық аулаумен өткізбекші болады. Жүгіріп барып қараса, суға көпірден құлап кетіп, батып жатқан әйел мен баласын көреді. Батыл жігіт ойланбастан көлге күмп беріп, ең алдымен әйелді, сосын баланы жағаға алып шығады.

Сергей Гайдай – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің аға нұсқаушысы:

– Баланы жаға алып шыққанда ол тыныс алмай жатты. Мен оған алғашқы көмек көрсеттім. Жасанды тыныс беріп, жүрек тұсына екі рет массаж жасадым. Кейін көзін ашып, ішіндегі суын сыртқа шығара бастады. Есін жиған соң жедел жәрдемге қоңырау соқтым.

Бейбіт күннің батыры Сергей Гайдайдың ерлігі барша жұртты тәнті етті. Себебі, ол шұғыл шешім қабылдамағанда, әйел мен баланың аман қалуы екіталай еді. ТЖД басшылығы арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында ерлік жасаған әскери қызметшіні «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады.

Сергей Гайдай жасаған ерлік ісіне қарамастан өзін батырмын деп санамайтынын айтты.
24 жастағы жігіт қазіргі кезде келісім шартпен кинолог болып жұмыс істеп жүр. Биыл келісім шарттың уақыты аяқталатындықтан, соны ұзартып қызметін жалғастыруды көздейді.

Маржан Касымбек