Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жазғы лагерьлердің дайындығы

Биыл облыс аумағында жаз бойы 14 лагерь жұмыс істейді. Онда 10 мың бала тынығады деп жоспарланып отыр. Осы орайда демалыс орындарында сәуір айынан бері дайындық шаралары жүргізіліп жатыр.

Мәселен, «Ақ қайың» лагерінің дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Тек төсек-орын мен перделерді үтіктеп ілу ғана қалады. Жалпы, былтыр бұл жазғы сауықтыру орнында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Балалар тамақтанатын асхананы түгелімен өзгертіп, шағын мейрамхана түрінде жасаған. Енді бұл жер кең әрі ыңғайлы. Айта кетейік, биыл «Ақ қайың» лагеріне жаңадан әткеншек пен батут әкелініпті.
Ал бұл – «Достық» лагері. Аулада ағарту, сырлау, бояу жұмыстары әлі де қызу жүріп жатыр. Жалпы, бұл жазғы демалыс орнында 9 корпус бар.

Евгений Дулов – «Nomads Travel» ЖШС директоры:

– Бұл 2 лагерь екінші жыл қатарынан сенімді басқаруға тапсырылған. Енді жөндеу жұмыстары – біздің мойнымызда. Қазірдің өзінде біраз өзгерістер бар. Мәселен, суға арнайы фильтр қойдық, корпустардың ішіндегі едендер толығымен жаңартылды. Асханаларға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, болашақта барлық ескі корпустарды бұзып, жаңадан заманауи корпус салғымыз келеді. Бірақ, бұл әзірге, жоспар ғана.

Айта кетейік, лагерьде балалармен бірге әр топта жетекші, тәрбиеші, психолог және хореограф мамандар жұмыс істейді. Табиғат аясында түрлі ойындар, байқаулар және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Оған қоса, 5 рет берілетін ас мәзірі де дәрумендерге толы.

Лариса Гальчукова – “Ақ қайың”, “Достық” балалар сауықтыру лагерьлерінің директоры:

– Ең бастысы, лагерьлерде санитарлық талаптардың сақталуына мән береміз. Балғындарға уақыттарын тиімді өткізіп, жақсы демалулары үшін тиісті жағдайлар жасап жатырмыз. Мәселен, “Ақ қайың” лагерінде – 6 мен 11, ал “Достық”-та 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдер тынығады.

Жалпы, теріскейлік балғындарды биылғы жазда 14 лагерь қабылдайды. Барлығы 10 мың солтүстікқазақстандық ұл-қыз жазғы демалыстарын лагерьлерде өткізбекші.

Дана  Ешкенова