Қоғам

“Үздік қызметкер” қалалық байқауы өтті

Ерекше таныстыру, сұрақтарға мүдірмей жауап беру және шығармашылық нөмір көрсету. Петропавлда “Үздік қызметкер” байқауы өтті. Сайысқа 6 маман қатысып, бірнеше кезеңдерде бақтарын сынады.

Тұсаукесер, интеллектуалдық сұрақтар мен шабыт жұлдызы. Үздік қызметкер байқауының қатысушыларын 3 кезең күтіп тұр. Оның екеуіне мамандар алдын ала дайындалып келген. Ақынжанды, домбыраны серік еткен бұл азамат – 66/37 әскери бөлімінің сарбазы. Әрі Отан қорғаушы, әрі өнер адамы деуге де болады. Таныстыру кезеңіне Жантілеу Рахимов өзінің абыройлы қызметі туралы ән шығарыпты. Сөзі де, музыкасы да өзінікі.

Жантілеу Рахимовтың әскери салада қызмет етіп жүргеніне 12-ші жылдың жүзі болыпты. Аға сержант жұмысының қиындығына қарамастан әрдайым шығармашылыққа уақыт табатын көрінеді. Осыған дейін ол талай рет облыстық деңгейлердегі айтыс пен ән байқауларына қатысып, 66/37 әскери бөлімінің намысын қорғаған.

Жантілеу Рахимов – ҚР ҰҰ 66/37 әскери бөлімінің сарбазы:

– Отан алдындағы парызымды өтеймін деп, екіншіден ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге пайдамды тигізейін деп әскери саланы таңдадым.

Байқаудың басты талабы – мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, ойды еркін жеткізу. Конкурсқа қатысушылар үшін бұл түк емес. Петропавл қалалық полиция басқармасының жедел уәкілі Гариф Хамзаевтың ұлты – әзірбайжан. Қазақ әдебиетімен сусындап өскен тәртіп сақшысы алдына жан салмауда. Ол біртуар тұлға Мағжан Жұмабаевтың «Мен кім?» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Алтынай Сыздықова – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Қазылар алқасы бағалау барысында қатысушылардың өзін көпшілік алдында ұстауы мен сөз мәдениетіне аса мән береді.

“Отбасы – қоғамның іргетасы”, “Достық – өмір шырағы” және “Мәңгілік еліміздің мәңгілік тілі”. Бұл – мамандардың ой толғауына арналған тақырыптар. Ал үшінші кезең әр қызметкердің шығармашылығын паш етуге бағытталған. Айта кеткен жөн, қалалық «Үздік қызметкер» байқауының жеңімпазы шаһар намысын облыстық кезеңде қорғайтын болады.

Эльмира Садвокасова