Мәдениет

Өз кәсібінің үздіктері

Өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкендер. Төл мерекелеріне орай мәдениет және өнер саласының үздік мамандары марапатталды. Оған қоса жиында “Рухани қазына” республикалық байқауына қатысып, өңір намысын қорғаған жандар облыс әкімінің алғыс хатын иеленді.

Күләш Егінбаева Уәлиханов ауданының орталық кітапханасында 15 жылға жуық қызмет атқарады. Осы жылдар арасында кітапхана қабырғасында жүріп біраз сайыстарда үздік атанған екен. Нәзікжанды мамырдың соңында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Рухани қазына» республикалық байқауында да бақ сынап келіпті.

Күләш Егінбаева – Уәлиханов ауданының орталық кітапхана жүйесінің директоры:

– “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бойынша өз бағдарламамызды видеослайд бойынша көрсетіп, дәлелдедік. Әділ қазылардың сұрақтары да болды. Жеңіске жету оңай болған жоқ.

Әнші, биші, күйші, музей, архив және кітапхана мамандары. Бұл жандардың мәдениет саласының гүлденуіне қосқан үлестері мол. Олар әрдайым қала мен аудандарда өтетін шаралардың басы-қасында жүреді. Жиында солардың барлығы өз қызметтеріне сай марапатталады.

Зәуре Нұрмұқанова – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгін кітапханаға ең үздік мамандар жиналды. Солардың көбісі “Рухани қазына” республикалық байқауына қатысып, облыс намысын қорғап келді. Оларға жиында облыс әкімінің алғыс хаты табысталады.

Айта кетейік, жиында мәдениет және өнер қызметкерлерінің 60-қа жуығы алғыс хаттармен марапатталды.

Маржан Касымбек