Қоғам

Мұсылман жамағаты Ораза айтын қарсы алды

Мұсылман қауымы бүгін Ораза айтын қарсы алды. Қасиетті мейрам  он екі айдың сұлтаны Рамазан аяқталған соң ұлықталады. Діндарлар бұл күні игі істер жасап, бірін-бірі құттықтайды. “Қызылжар” қалалық мешітіне таң ата жерлес мұсылмандар көптеп жиналып, Айт намазына жығылды.

Ораза тұтқан пенденің сауабын Алланың өзі береді деседі мұсылман жамағат. Отыз күн ас пен нәпсіден тыйылған діндарлар осылайша күнә-ағаттықтарынан арылды, жаратқанға ризашылығын білдірді.

Қасымхан қажы Абдоллаұлы – “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы:

– Пенде болғаннан кейін адам қателеседі. Сол қателіктерін түсініп, Алладан кешірім сұрап, тәубе етеді. Рамазан айы – кешірім айы, рақым айы, мейірім айы, тәубе айы, сабыр айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: “Кім де кім Рамазан айының сауабынан үміт етіп, ораза ұстаса, Алла тағала оның өткен-кеткен барлық күнәларын кешіреді”,-дейді.

Қала тұрғыны Айтбибі Кәрменова осымен 20-шы жыл қатарынан Рамазан айында ауыз бекітіп келеді екен. Отыз күн үзбей ұстаған оразасының қабыл боларына жерлесіміз кәміл сенеді.

Айтбибі Кәрменова – қала тұрғыны:

– Өзімнің мұсылмандығым үшін, екі дүниенің рақатын көру үшін, бала-шағамның амандығы үшін ораза ұстадым. Денсаулыққа да, ағзамызға да жақсы болады. Оразамыз қабыл болсын, айттан айтқа жеткенімізге қуанамыз.

12 айдың сұлтаны мәресіне жетті. Бүгін Ораза айты. Сондықтан, таң сәріден мұсылмандар мешіттерге ағылуда. Тура таңғы сағат 7-де олар Айт намазына жығылды.

Айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға жамағат осылайша шүкіршілік білдіруде. Бұл қасиетті де қуанышты мейрамда әр мұсылман бірқатар амалдар жасап, сауабын алады.

Қасымхан қажы Абдоллаұлы – “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы:

– Мұсылман адамның жуынып, жақсы киімдерін киіп, иіс сеуіп, үйінен дәм татып шығуы жақсы бір сауап амалдарынан болады.

Тағы мұқтаждарға, жетім-жесірге шама-шарқынша көмектесіп, садақасын беріп, ағайын-туысты аралап, мейраммен құттықтау да үлкен сауап.

Амандық Балтабаев – қала тұрғыны:

– Алла тағала жақсылық, тыныштық пен денсаулық берсін. Өзім биыл отадан шығып, ораза ұстай алмадым. Бірақ, кемпірім, үй ішім, балаларымның бәрі ұстады. Өзім намаз оқимын, әкем молда болған кісі.

Ораза айты үш күнге жалғасады. Ал 2 ай 10 күннен соң мұсылман қауымы Құрбан айтын атап өтпек.

Саят Ермек