Бизнес және экономика

Елімізде “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы іске қосылды

Елімізде бизнесмендерге арналған жаңа бағдарлама іске қосылды. Ол “Қарапайым заттар экономикасы” деп аталады. Жоба аясында халықтық тұтыну тауарларын өндіретін кәсіпорындардың ісін ілгерілету үшін несие алу мүмкіндігі бар. Ал мемлекет оларға бірқатар жеңілдіктер ұсынады. Солтүстік Қазақстан облысында жаңа бағдарлама бойынша алғашқы займ берілді.

Цехта әйнегі үш қабаттан тұратын пластикалық терезелер мен есіктер жасалуда. Суық өткізбейді, жылуды ұстайды, бағасы да қымбат емес. Мұндай тауарға қатардағы халықтың да, құрылыс компанияларының да тарапынан сұраныс жоғары. Кәсіпорын бұл ескі нысанның ішіне шамамен екі апта бұрын көшіпті. Бұрынғы көлік жөндеу станциясы 2 миллион теңгеге алынған. Іші ескі, қабырғалары жарылған, ал шатыры құлағалы тұрған ғимаратты жөндеу басталып кеткен.

Валентина Маркель – “Пласт Комплекс” ЖШС директоры:

– Бүгінде нысанның шатырын жаңарттық. Мұнда жарық болмады. Жаңа трансформатор орнатып, электр желісін өткізу үшін көп қаржы жұмсалды. Бейнекамераларды да орнаттық. Әлі ғимараттың қақпасын ауыстырып, аумақты қоршау қажет.

Алайда, серіктестік директоры Валентина Маркельдің бұған қаржаты болмаған. Жұмыстарға қажетті 10 млн теңгені бизнесвумен несиеге алыпты, ал “Даму” қоры көмекке келген.

Жандос Нұрғазинов, СҚО бойынша “DAMU” кәсіпкерлікті дамыту қоры директорының орынбасары:

– Мемлекет несиенің жылдық пайыздық үстемесіне субсидия бөледі. Мәселен, үстеме 15 пайызды құраса, оның 7 пайызын -мемлекет, ал қалған 8 процентін кәсіпкердің өзі төлейді. Ал егер кәсіпкердің мүліктік кепілдемесі жетпесе, “Даму” қоры несие беруші банкке қажетті кепілдеменің жартысын ұсынады.

Бұл – “Даму” қоры қолға алған жаңа мемлекеттік бағдарлама. Ол “Қарапайым заттар экономикасы” деп аталады. Несиені екінші деңгейлі 9 банк береді. Бірақ, займ алу үшін бизнесмен / адамдар күнделікті тұтынатын тауарларды өндіруі тиіс. Тамақ өнімдері, жиһаз шығару, киім-кешек тігу, құрылыс материалдарын жасау – қолдау көрсетілетін бағыттар жетерлік. “Даму” қорының мұндай көмегіне қатардағы кәсіпкерлер де, ісін жаңадан бастап жатқандар да жүгіне алады. Айта кеткен жөн, “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасының шағын және орта бизнес қана емес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне де қатысы бар. Жобаны жүзеге асыру үшін жалпы ел бойынша 600 млрд теңге бөлінген.

Саят Ермек