МТРА жаңалықтары

Сайлауға әзірлік

Өңірде алдағы жексенбі өтетін сайлауға дайындық қызу жүріп жатыр. Учаскелер жабдықталып, қауіпсіздігі тексерілуде. Теріскейліктер таңдау жасайтын нысандардың әзірлігі бүгін облыстық сайлау комиссиясының отырысында қаралды.

Саят Ермек – тілші:

– Жаңа мемлекет басшысының есімі санаулы күндерден соң белігілі болады. Маусымның 9-ы қазақстандықтар өз таңдауын жасайды. Бұл күні облыс бойынша 663 сайлау учаскесі жұмыс жасамақ. 93-і Петропавлда орналасқан.

Бүгінде учаскелер сайлаушы бұқараны қабылдауға әзір. Халық санына қарай кабиналар жеткілікті көлемде орнатылған. Маңыздысы, әрбір учаскеде мүгедектерге арналған арнайы орын да қарастырылған.
Компьютер, принтер және өзге де қажетті техника мен кеңселік тауарлардың барлығы бар. Сайлау бюллетеньдері болса облыстық сайлау комиссиясына жеткізіліпті. Қазір құжаттар сенімді қорғауда. Учаскелерге олар мамырдың 8-і таратылады. Айтпақшы, учаскелердің қауіпсіздігі де – басты назарда.

Айдын Байматов – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

– Сайлау учаскелері орналасқан нысандардың барлығын жарылғыш заттардың бар-жоғына тексереміз. Жұмадан бастап ол аумақтарды қатаң бақылауымызға аламыз. Ал сайлау күні кезекшілікке өңір бойынша 741 тәртіп сақшысы шықпақ.

Құтқарушылар да, қазірдің өзінде барлық учаскелерді бір аралап шыққан. Өрт қауіпсіздігінің сақталуы мен электр сымдарының жағдайы тексеріліпті. Нәтижесінде, 303 бұзушылық анықталған.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– 229 бұзушылық бірден жойылды. Көбіне, нысандарда өртке қарсы дабыл қондырғылары мен бастапқы өрт сөндіру құрылғылары болмай шықты. 17 учаскеде ғана кемшіліктер анықталмады.

Тимириязев ауданындағы учаскелердің бірінде электрмен жабдықтау бойынша проблема туындаған. Берешектің салдарынан Ақсуат элеваторы жарықтан ажыратылған екен. Бірақ, маңызды күнге дейін мәселе шешілуі тиіс. Маусымның 8-і құзырлы органдар учаскелерді тағы бір қайтара тексеріп шығады.
Әзірлік барысы турасында аудандар да есеп берді. Мұндағы сайлау комиссияларының төрағаларының бәрі дайындықтың жоспарға сай жүріп жатқанын айтуда.

Саят Ермек – тілші:

– Бүгінде өңір бойынша сайлаушылардың бәріне шақыртулар жолдануда. Учаскелер өз жұмысын маусымның 9-ы таңғы сағат 7-де бастайды, ал кешкі сағат 8-де аяқтайды. Осы орайда, ерекше тоқтала кетейік, учаскеге келе алмайтын науқас не жарымжан отандастарымыздың таңдауды үйде жасау мүмкіндіктері бар. Бұл үшін ертерек өтініш білдіру қажет.

Саят Ермек