Мәдениет

Петропавлда “АЛЖИР” спектаклі көрсетілді

Петропавлға Тбилисиден Александр Грибоедов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының ұжымы келді. Актерлар жергілікті өнерсүйер қауымға “АЛЖИР” спектаклін ұсынды. Бұл туынды еліміздің бірқатар қалаларында сахналанған.

Спектакльдің қоюшы-режиссері – Автандил Варсимашвили. Қойылымның басты кейіпкері – Нина Лаперашвили. Мұнда тоталитарлық жүйенің кесірінен АЛЖИР-ге қамалған әйелдердің тағдыры суреттеледі.

Николай Свентицкий, А.Грибоедов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры, Тбилиси қаласы, Грузия:

– Петропавл – спектакль ұсынылып отырған соңғы қала. Қойылым театр труппасы АЛЖИР музейінде болып, репрессия жылдарының салдарын көргеннен кейін дүниеге келген. Спектакльде негізге алған кейіпкерлер тарихта болған. Мұнда біз әйелдердің азаппен өткен күндерін көрсетеміз. Өз өмірін қатерге тіге тұра, тұтқындағыларға көмек қолын созған қазақ халқын да атап өтеміз.

Басты кейіпкердің күйеуіне отанын сатқан деген айып тағылады. Екі жұмадан кейін Нина да қамауға алынады. Күндіз-түні тергеуде болған азаматшадан тек кінәсін мойындау талап етіледі. Ақыр соңында 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Тар қапасқа қамалған әйелдер түрлі қасірет көреді. Дегенмен, аналардың рухы сынбайды.

Наталья Воронюк, А.Грибоедов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы ,Тбилиси қаласы, Грузия:

– Дайындықтың алғашқы күнінде-ақ театр труппасы көз жасына ерік берді. Себебі, бұл – өте күрделі картина. Әйелдер тағдыры суреттелетін спектакльдегі рөлдерді сомдап шығу қиынға соқты. Лагерьде қаншама әйелдің тағдыры қорланды. Соған қарамастан олар қиындыққа төзе біліп, өмірге деген құштарлығын жоғалтпады.

Театрдың 7 әртісі сол жылдардағы қасіретті шынайы жеткізе білді. Залда отырған адамдар көз жасына ерік беріп, сол әйелдердің мықтылығына таңқалып, ерекше әсер алды. Спектакль соңында көрермендер әртістердің өнеріне орындарынан тұрып ду қол соқты.

– Осы АЛЖИР-де болған оқиғаларды, қандай қиыншылықтар кешкенін жақсы көрсете білді.

– Менің атам да қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірі. Олармен ешкім араласпай “халық жауы” деп атаған. Бұл ащы болса да шындық. Актерлар қойылымда соны көрсете білді.

Ақтолқын Солтанханқызы