Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі білім ошақтарын аралады

120 мектепке – 5 млрд теңге. Биыл теріскейде білім беру нысандарын жөндеуге – өткен жылмен салыстырғанда қаражат 12 есеге көбірек бөлінбек. Бұл туралы өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов мәлімдеді. Дүйсенбі күні аймақ басшысы  келесі оқу жылына дайындықтарын бастап кеткен мектептерді аралап, мұндағы мердігерлердің жұмысын бағамдады.

Бұл – Петропавл қаласындағы №12 мектеп. Мұнда 270 оқушы білім алады. Оқу ошағында тағы 50 бала тәрбиеленетін шағын орталық та орналасқан. Қазір мұндағы жұмыс қызу. Нысанның қоршауы жасалып жатыр.

Айтқожа Баукенов – №12 орта мектебінің директоры:

– Қазақ тілі, математика кабинеттері мен дәлізде су ағады. Жобалық-сметалық құжаттардың барлығы дайын. 27 млн теңге қажет. Ақша бөлінсе, жұмысты бастар едік.

Өңір жетекшісі ең алдымен дуал емес, шатырдың жөнделуі қажет екенін айтты. Әрі жылыту жүйесі мен терезелер де басты назарда болғаны абзал деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Егер төбеден су ағып жатса, нысанды қоршау туралы сөз қозғауға бола ма екен. Бұл қаражаттың дұрыс бөлінбеуі деп санаймын. Бізге мектептің іші жылы, жарық, балалар үшін ыңғайлы болғаны маңызды. Білімнің сапасына осы үш жайт әсер етеді.

Жыл сайын білім ошағын жылытуға 6 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалады екен. Облыс әкімі оқу ұясының басшылығына жүйені газ қондырғысына ауыстыруға, не болмаса, қазандық орнатып, биоотын жағу туралы ұсыныс жасады. Бірақ, мектеп қабырғасында жүргізілетін жөндеу жұмыстарына мұғалімдер мен ата-аналар қауымынан бір тиын да жиналмауы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ақшаның жиналуына жол беруге болмайды. Егер мұндай фактілер кездесетін болса, бұл тұлғаларды жауапқа тартамыз. Ата-аналардан, ұстаздардан қаражат жинау дегенді қойыңыздар. Барлық жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100 пайыз қаржы бөлінеді.

Кейін Құмар Ақсақалов №7 орта мектепке ат басын тіреді. Мұндағы жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Қазір нысандағы 23 ескі терезе пластик баламасына ауыстырылып жатыр. Алайда, аймақ басшысы материалдың сапасына күмән келтірді. Оған қоса, мердігерлердің кепілдеме уақыты да көп емес екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Егер өңірдегі мектептерде орнатылған бұл терезелер ертең суық өткізіп, маған шағымдар келетін болса, жауапты тұлғалар бірден жұмыстан кетеді. Ал құрылысшыларға ірі көлемде айыппұл салынады.

Сондай-ақ, жұмысшылар ғимараттың кей жерлеріндегі кірпішті қайта қалап жатыр. Ал 6 мектептегі жағдай мүлдем басқаша. Білім ошағында 600-ден аса бала 3 ауысымда оқиды. Алайда, нысанның жағдайы мүшкіл. Мұнда жай ғана терезе ауыстыру жеткіліксіз. Ғимараттың бір бөлігі апат алдында тұр.

Сайран Мұстафина – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің директоры:

– Міне, кей жерлерде еден шіріп жатыр. Бізде жертөле жоқ. Сондықтан, бірінші қабаттағы еден де арасында қозғалып тұрады. Кез келген уақытта опырылып кетуі мүмкін.

Мектептің ішкі жөндеу жұмыстарына 98 млн теңге бөлініпті. Тағы 23 млн ғимараттың қасбетін қалыпқа келтіруге жұмсалмақ. Жұмыстарды «Еңбек-Қызылжар» серіктестігі жүргізіп жатыр. Шаруаны мамандар мамырдың 27-сі бастаған. Нысанның алды жоспар бойынша металлосайдингпен қапталмақ. Алайда, аймақ басшысы іске экологиялық материалдарды жаратқан абзал деді.
6-мектеп жанындағы Амангелді көшесі де биыл жөндеуден өтеді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Осы ықшам аудан тұрғындары 3 жыл бойы жолдың нашарлығына шағымданып келеді. Биыл жұмыстарды бастап, асфальт төсейтін боламыз.

“Дарын” мектеп-лицейінде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білім ошағы 2017 жылы Дүниежүзілік банктің “Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру” жобасына қатысуға өтініш білдіріпті. Ол биыл мақұлданып, 101 млн теңге көлемінде грант бөлінген. Қаражатқа оқу ұясындағы барлық жарықшамдар жаңасына алмастырылған, шатыр қапталып, термореттегіш орнатылыпты.

Мектеп-лицейдің терезесі де ауыстырылуда. Бұл іспен “Монолит-Астана-А” серіктестігі айналысып жатыр. Мамандардың жұмысына облыс әкімінің көңілі толмады. Құмар Ақсақалов терезенің жақтауында орналасқан метал құрылымның өте жұқа екендігін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Конструкция мықты болуы тиіс. Құрылысшылар ақшаны аяп қалмай, мықты құрылым орнатуы керек. Ал сіздер оны бүгіннен қалдырмай қадағалаңыздар. Әйтпесе, кеш болып қалады.

Құмар Ақсақалов “Білім-Инновация” лицей-интернатында да болды. Мұнда шатыр, желдету мен суағар жүйелері алмастырылып жатыр. Сонымен қатар, нысанның қасбеті де жөнделуде.

Татьяна Игнатьева – “Петро-билдинг” ЖШС директоры:

– Қабырғаның әбден тозған жерлерін қопсытып, қайтадан сылап жатырмыз. Ал кейбір жерлерін үстінен сылаудамыз.

Лицей-интернаттың сырты нысан қолданысқа берілгелі, яғни 70 жылдан аса уақыт жөнделмепті. Мұндағы қалыпқа келтіру жұмыстары қыркүйектің 10-ына дейін аяқталуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қадағалап отыру қажет. Мен оны аудан, қала әкімдеріне үнемі айтып отырамын. Материалдардың сапасына мән беру керек. Атқарған жұмыстардың кепілдік уақыты бірнеше жыл болуы қажет.

Айта кетейік, биыл өңірдегі 120 мектепті жөндеуге 5 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылдардағыдан 12 есеге көп.

Байболат Култанов