Спорт

Өңірде “Мен-патриотпын” атты акция өткізілді

“Мен-патриотпын”. Петропавлда осындай атаумен Мемлекеттік рәміздер күніне орай акция өткізілді. Оған мың жарым қала тұрғыны қатысты. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандар қала орталығында 2400 метр қашықтыққа жүгіріп жарысты.

Сәлден соң осы жүгіруді жаны сүйетін теріскейліктердің қатысуымен “Мен патриотпын” акциясы басталады. Оған қатысуға мың жарымдай адам жиналды. Олардың арасында түрлі саланың тұтқасын ұстаған жандар, студенттер мен оқушылар да бар. Жерлестерімізге облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев сәттілік тіледі.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Біздің алдымызға үлкен мақсат қойылған. Салауатты өмір салтына көңіл бөліп, жастарды спортқа баулу қажетпіз. Бүгін Мемлекеттік рәміздер күні. Баршаңызды осы атаулы күнмен құттықтаймын. Ал сайысқа қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тілеймін.

Марафон басталар алдында қатысушылар түрлі көңілді ойындарда бақтарын сынап, сұрақтарға жауап берді. Кейін, барлығы бірге флешмоб биледі.

Ендігі кезек – көпті күттірген акцияда. Марафонға қатысушылар 2400 метр қашықтықты бағындырулары керек.

Көзді ашып-жұмғанша жеңімпаз да анықталды. Әскери институттың курсанты Владислав Цуканов мәреге бірінші болып келді. Ол осыған дейін де сайыстарға қатысып үздіктер қатарынан көрініп жүр екен. Желаяққа сертификат пен медаль табысталды.

Владислав Цуканов – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Күнделікті тынымсыз жаттығу мен дұрыс тамақтанудың арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын. Мен үшін 2.5 км қашықтықты жүгіріп өту қиын болған жоқ. Қатысушылар саны көп болған соң, жарыс қызықты әрі тартысты өтті.

Осы орайда айта кетейік, бүгін “Мен-патриотпын” атты акция Петропавлда ғана емес, аудан орталықтарында да өтті. Оған шамамен 20 мың теріскейлік қатысты.

Маржан Қасымбек