Балалар

Петропавлда балалар мерекесі аталып өтілді

Халықаралық балаларды қорғау күні – мейірімге толы мейрам. Бұл күні Басты алаңға келген әрбір жеткіншек көңілі қалаған шараға қатысты. Түрлі сайыстарда күшін байқап, арман-тілектерін бейнелеп сурет те салды. Сондай-ақ, жергілікті өнер ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертті тамашалады.

Басты алаңда түрлі түсті киім киіп, қаз-қатар сап түзеген жастар салтанатты шараны флешмобпен бастады. Ортада әсем ән мен тәтті күй әуелеп тұр. Балардың жүздерінен тек күлкі мен қуанышты ғана байқай аласың. Халықаралық балаларды қорғау күніне ұйымдастырылып жатқан шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев те келіп, өзінің құттықтау сөздерін айтты.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау мерекесімен құттықтаймын. Ата-ана үшін баланың орны бөлек. Отбасыларыңызға амандық, бақыт пен береке-бірлік тілеймін.

Тәуелсіздік стеласы маңында да көптеген қызықты шаралар өткізілуде. Бүлдіршіндер асфальтқа немесе қағаздарға ашық аспанның, гүлдердің, ағаштар және тағы басқа да дүниелердің суретін салып, мерекеден алған әсерлерін өздерінше сипаттауда.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де мейрамнан сырт қалмаған. Олар балаларды өрт сөндіру техникаларымен таныстырып, мамандандырылған көліктерге отырып көрулеріне рұқсат етті.

Өкінішке қарай, кейбір бүлдіршіндер денсаулығына байланысты мерекені достарымен бірге тойлай алмады. Николай Радченконың жасы 4-те. Ол қатерлі дертке шалдыққан. Қазір Мәскеу қаласында ем алып жатыр. Оған операция жасау үшін қомақты қаржы керек. Қаламыздың жүрегі мейрімге толы жандары аз да болсын өз көмегін тигізу мақсатында Достық үйінің алдында қайырымдылық акциясын өткізіп жатыр.

София Женжера – қайырымдылық акциясына қатысушы:

– Біз өз қолымызбен жасаған гүлдерді сатып жатырмыз. Тұрғындар арнайы қорапқа өз қалауымен ақша салады. Кейін жиналған қаражатты Николай Радченконың еміне жұмсаймыз. Қазірдің өзінде біраз гүлдерді сатып үлгердік.

Халықаралық балалар күні – мейірімге толы мейрам. Бұл күні жер бетіндегі әр бүлдіршін қамқорлықты сезініп, алаңсыз күлкілері толастамай, үлкендердің ерекше сүйіспеншілігіне бөленеді.

– Осындай үлкен мерекемен құтықтаймын.

– Мен бүгін «Қара жорға» биін билеймін.

– Мереке күнімен достарымды құтықтаймын. Бәріңді құттықтаймын.

– Мереке өте керемет өтіп жатыр.

– Мен өзім бишімін, маған билер өте қатты ұнады. Мен балаларға оқуда жақсы бағалар алғанын тілеймін.

Маржан Қасымбек