Қоғам

Маусымның 1-інен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы артты

Мұғалімдер, іс жүргізушілер, санитарлар мен еден жуушылар. Осы және өзге де бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы ең көп дегенде 30 пайызға артты. Маусымның 1-інен бастап айлықтары төмен жұмысшылардың табысы молая түсті.

Облыстық аурухананың санитары Айгүл Житенованың қызметі оңай емес. Ол нейрохирургия бөлімшесінде жұмыс істейді. Мұнда сал ауруына шалдыққан науқастар емделеді. Оларға күндіз-түні күтім жасау қажет. Тағы, палаталар мен дәлізді де таза ұстау керек. Бұған қарамастан, жұмысын ол жақсы көреді. Ал осы айдан бастап жалақысының өсетініне нәзікжанды ырзалығын білдірді.

Айгүл Житенова – облыстық аурухананың санитары:

– Өте қуаныштымыз. Үстеме көңілімізден шығып жатыр. Жалақы мөлшерлемесі 44 мың 400 болған. Ал маусымда, құдай қаласа, 56 250 теңгеге дейін өседі. 12 мың теңгеге көбірек алатын боламын. Шағын болса да көмек қой. Коммуналдық қызметтерді төлеуге болады.

Санитарлардан бөлек, медбикелердің де айлығы біршама артты. Маусымның 1-інен бастап орташа есеппен олар 99 мың 300 теңге алатын болады. Өсім шамамен 23 мың теңгені құрайды. Жалпы айтар болсақ, еңбекақыны арттыру шаралары жалақысы төмен 48 мыңнан астам теріскей азаматын қамтып отыр. Олардың бәрі бюджеттік салада еңбек етеді.

Саят Ермек – тілші:

– Айырмашылықты байқамасқа, әрине, болмайды. Мәселен, мектеп мұғалімінің орташа айлық жалақысы 80 мың болса, енді 96 жарым мың теңгені құрады. Іс жүргізушілер мен хатшылар 12 мың теңгеге артық алатын болады. Мәдениет саласының қызметкерлері да назардан тыс қалмаған. Қарапайым әртістің орташа айлық табысы 87,5 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өсіп отыр.

Ләтипә Төлепенова – СҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

– Ал дәрігердің орташа жалақысы енді – 141 580, тәрбиешілердікі 88 200 теңгені құрайтын болады. Әлеуметтік қызметкерлердің айлығы бұрын 71 мың болса, енді 92 мың 600 теңгені құрайды. Кітапханашылардың еңбекақысы шамамен 20 мыңға, ал есепшілер, экономистер мен заңгерлердікі 16 жарым мың теңгеге өсті. Еден жуушылар мен аула сыпырушылар болса, енді 54 мың теңге алатын болады.

Мұның бәрі – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жолында жасалып жатқан шаруа. Осының арқасында 1 млн-нан астам отандасымыздың табысы артып, жағдайы жақсармақ. Еске салсақ, айлықтары төмен бюджеттік сала еңбеккерлерінің жалақысын өсіруді Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған еді. Жоспар бойынша, еңбекақы шілденің 1-інен бастап өсірілуі тиіс болған. Алайда, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев істі бір ай бұрын қолға алуды шешкен.

Саят Ермек