Спорт

Футзалшылар жарады

Мамырдың 27-сі мен 31-і күндері аралығында Алматы қаласында футзалдан ұлттық студенттер лигасының финалдық кезеңі өтті. Додада өңір намысын Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің шәкірттері абыроймен қорғап, 1-ші орын иеленді. Осылайша бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізген.

Елімізде орта арнайы білім беретін оқу ошақтары студенттері арасында футзалдан ұлттық лига ойындары жылда өтеді. Биыл жарыстың аймақтық кезеңінде 400-ден аса құрама бақ сынапты. Олардың тек 13-і ғана финалдық бәсекеге жолдама алған. Ақтық сынға шыққандардың арасында қаламыздағы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің шәкірттерінен құралған команда да болды.

Алпамыс Магавин – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің дене тәрбиесі бойынша инструкторы:

– Финалдық кезең мамырдың 27-сі мен 31-і күндері аралығында оңтүстік астанада өтті. Жарысқа жақсы дайындалып бардық. Соның арқасында Ақтөбе, Көкшетау, Алматы сынды қалалардың командаларын айқын ұтты. Ал жартылай финалда Нұр-Сұлтандық құраманы тізе бүктірдік. Осылайша шешуші ойынға жолдама алдық.

Жерлестеріміз финалда студенттер лигасының былтырғы чемпиондары – Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің командасымен күш сынасады. Кездесу өте тартысты өтіпті. Матчта есепті солтүстікқазақстандықтар ашады. Бірақ, көп кешікпей таразы басын теңестіріп алады. Осыдан соң жігіттер жігерленіп, қарсылас қақпаға жауапсыз 2 гол соғады. Сөйтіп, 1-де 3 есебімен жеңеді. Жарыста өңір намысын Саламат Исеналиев те қорғады. Ол – грек-рим күресінен спорт шебері. Азамат күресіп қана қоймайды, футзалды да жақсы ойнайды екен.

Саламат Исеналиев – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Финалда қиын болды. Барынша тырыстық. 01:57 Өзім шабуылшымын. 2 гол соқтым. Голдық пас бердім.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің командасы 2017 жылы футзалдан ұлттық лиганың финалдық кезеңіне қатысып, қола жүлдегер атанған болатын.

Байболат Бектемірұлы