Балалар

Балалардың мерекелік шеруі өтті

Оқуда озат, мектеп өмірінде белсенді жастардың шеруі. Облыс орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше шара өтті. Мерекелік шеру бүкіл республика көлемінде бірмезгілде осымен 3-ші рет ұйымдастырылып отыр.

Дәл қазір бұл жерде жеткіншектер сап түзеп, дайындық үстінде. Себебі, бірер минуттан соң балалардың қатысуымен үлкен шеру бастау алмақ.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған шерудің танымалдылығы жыл сайын артып келеді.

Ғалия Ілиясова – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Жалпы, осындай шеру қаламызда 3-ші рет өтуде. Шараға барлығы 28 топ қатысады. Бір топта 50-70-ке жуық бала бар. Шеру Оқушылар сарайынан бастау алады. Ж.Жабаев, Қазақстан Конституциясы көшелерінің бойымен өтіп, басты алаңға дейін барады. Ол жерде мерекелік концерт өтеді.

Міне, көп кешікпей үрмелі аспаптар, барабаншылар, ұлттық костюмдегі би ансамбльдері мен хор ұжымдары, мектеп оқушылары мен колледж студенттері әдемі саппен салтанатты түрде шеруді бастады. Өскелең ұрпақ Оқушылар сарайынан бастау алып, Ж.Жабаев көшесінің бойымен жүріп келеді.

Алина Геншальд – оқушы, Қызылжар ауданы:

– Бұл мерекелік шараға бір жұма дайындалдық. Мұндай керемет шеруге қатысып жатқаныма қуаныштымын. Себебі, бұл – барлық балаларды жақындастырып, біріктіретін шара.

Мерекелік іс-шара Оқушылар сарайында жалғасын тапты. Мәселен, бұл жерде «Қарлығаш» ұлттық би ансамблі жиылған қауымға өнерлерін паш етуде.

Аталған ұжымның ең кішкентай бишілері – 4 пен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Бүгінгі мерекелік шарада олар «Қызыл қоңыз» биін билеп, көрермендердің ыстық ықыластарына бөленді.

Ясмин Касимова – “Қарлығаш” ұлттық би ансамблінің бишісі:

– Менің бимен айналысып жүргеніме екі жыл болды. Біраз би түрлерін үйрендім. Биден бөлек сурет те саламын.

Айта кетейік, бұл күні мерекелік шеруге 3 мыңға жуық жас қатысты.

Дана  Ешкенова