ТЖ

Өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді

Кеше түсте Байсал селосы маңында дала өрті орын алды. Қызыл жалын қас қағым сәтте 200 гектар аумаққа тарап, ауылдың шет жағында орналасқан үйлерге зардабын тигізді. Алайда, құтқарушылар жедел әрекет етіп, тілсіз жауды ауыздықтап үлгерді, адамдарды қауіпсіз жерге шығарды. Шын мәнісінде бұл оқу-жаттығу жиындары еді. Онда Қызылжар, Мамлют және Аққайың ауданының мамандары бірлесіп, төтенше жағдайға дайындықтарын пысықтады.

Сценарийге сай Қызылжар ауданына қарасты Байсал селосы маңы отқа оранды. Жалын одан әрі тарап кетпеуі қажет. Сол себепті, трактор жерді жыртып жүр. Дегенмен, бұған бой бермей тілсіз жау ауылдың шет жағында орналасқан ескі үйлерге зардабын тигізді. Бұл хабар өрт сөндірушілерге жетті.

Мамандар лезде оқиға орнына жетіп, отты ауыздықтауға кірісті. Ал құтқарушылар арнайы көлікпен 20 адамды қауіпсіз жерге алып кетті. Жедел жәрдем қызметі де осында. Олар түтінге тұншыққан адамға көмек көрсетуде. Ал мына жақта басқа өрт сөндірушілер жүр. Қызметкерлер тоғай маңында тұтанған қызыл жалынды өшіріп жатыр. Осылайша тілсіз жаудың орманға таралуына жол бермеді.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Қызыл жалын 20 минутқа жетпей толығымен сөндірілді. Оны ауыздықтауға Аққайың, Мамлют және Қызылжар аудандарының мамандары қатысты. Нақтырақ айтар болсақ, іске 88 адам мен 26 техника жұмылдырылды. Мұндай оқу-жаттығу жиындарының біздерге берері мол. Осындай шара барысында өрт сөндірушілер бірлесе жұмыс атқару дағдыларын пысықтайтын болады.

Мамандар бірлесе жұмыс істеу ғана емес, жеке қабілеттерін де арттырады. Мысалы, биыл қызылжарлықтар жедел әрекет етудің арқасында бірнеше төтенше жағдайдың алдын алыпты.

Медет Құрмашев – №13 өрт сөндіру бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы, Қызылжар ауданы:

– Қызылжар – үлкен аудан. Халық тығыз орналасқан. Өрттер жиі болады. Осы күнге дейін 44 өрт болды. Оның 3-еуі – орман өрті. З өртке де біздің мамандар қатысып, уақытында сөндірді.

– Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да 13 бірдей орман және дала өрті оқиғасы орын алыпты. Алдағы уақытта мұндай төтенше жағдайларды болдырмау және уақытында алдын алу мақсатында жергілікті мамандар көршілес облыстардағы әріптестерімен бірлесіп, оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, осындай іс-шаралар ресейлік қызметкерлермен де ұйымдастырылатын болады.

Маржан Касымбек