Халық тарих толқынында

Облыстық ПД архивінде ашық есік күні өтті

Полиция департаментінің архивінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ашық есік күні өткізілді. Шараға  кезінде жазықсыз жала жабылғандардың туыстары мен мектеп оқушылары қатысты.

Облыстық ПД-нің архивінде 5 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың ісі сақтаулы тұр. Бұл құжаттар туысын іздеген теріскейліктер үшін аса маңызды. Өйткені, олар осы мәліметтердің көмегімен репрессияға ұшыраған жақындарын табуда. Галина Герасимова атасы жайлы баяндалған құжаттардың көшірмесін жасауға келіпті. Оған ресми рұқсаты да бар екен.

Галина Герасимова, қала тұрғыны:

–  Менің атам кезінде қарапайым шаруа адамы болған. Құжаттарда ол Кеңес билігіне қарсы шыққан деп жазылған. Біз атамның не себепті қамауға алынғаны туралы егжей-тегжейлі білдік. Қандай бап бойынша сотталғанын және үкімнің шығарылу уақытынан да хабардар болдық. Оны 1937 жылы желтоқсанда тұтқындап, келесі жылы наурызда атқан екен.

Полиция департаментінің архивінде қазақ халқының біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев жайлы да мәліметтер бар. Бұл құжаттарды тәртіп сақшылары Алматыдан сұратып алған екен. Мұнда ұлы тұлғаның бауырлары туралы да дерек сақталған.

Эльмира Валиулина – СҚО ПД арнайы мемлекеттік архиві бөлімшесінің бастығы:

– Мүсілім, ҚаҺарман, Сәлтай Бекеновтар сол уақыттары ауыр жазаға тартылған. Сәлтай Бекенов 1953 жылы 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар туралы жазылған мәліметтердің барлығы сақталған.

Бүгінгі шараға мектеп оқушылары да қатысты. Олар архив қызметкерлеріне толғандырған сұрақтарын қойды.

Маржан Касымбек