МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі өзбекстандық кәсіпкерлермен кездесті

Солтүстік Қазақстанға Өзбекстанның Хорезм облысынан делегация келді. Бүгін өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов көрші елдің кәсіпкерлерімен кездесті. Жиында қос тарап арасындағы әріптестікті нығайту, тауар айналымын арттыру сынды мәселелер қаралды.

Хорезм – Өзбекстанның оңтүстік шығысында орналасқан шағын облыс. Өлкеде 1,8 млн адам тұрады. Халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, машина жасау, ағаш өңдеумен айналысады. Өңірдің тарихы терең, табиғаты сұлу. Мұны жиынды ашқан аймақ басшысы Құмар Ақсақалов тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Хорезм – Өзбекстан Республикасындағы ең бір тарихи жер. Білеміз, естиміз. Баруға армандаймыз. 3 қала бар. Ол жерге бүкіл әлемнен туристер барғысы келеді, көргісі келеді.

Құмар Ақсақалов теріскейдің де тарихына, ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне жіті тоқталды. Біз географиялық тұрғыда өте қолайлы жерде орналасқанбыз. Петропавлдан Оңтүстік-Орал теміржолы өтеді. Онымен Еуропа елдері мен Қытай арасындағы жүктің 70 пайызы тасымалданады. Солтүстігімізде Ресей тиіп тұр. 4 млн гектардай жерге дән сіңіреміз. Жинайтың астық та көл-көсір. Ол тауар Өзбекстанға да саудаланады. Былтыр аталған мемлекетке сатылған өнім көлемі 2017 жылға қарағанда 55 пайызға артыпты. Ал әріптестерден көкөніс көптеп аламыз. “Арадағы байланысты бұдан әрі де нығайтуға болады” – деді облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Шетелдік инвесторларға салық төлеу кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Оның үстіне мемлекеттен үлкен көлемде субсидия төленеді. Мұндай көмекті бірнеше компания өкілдері тиімді пайдаланып, өңірімізде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, сіздерді де бірлесе еңбек етуге шақырамын. Жеріміз өте құнарлы. Диқандарыңыз келіп, іс бастаймын десе қуана қарсы аламыз. Бізге арадағы тауар айналымын одан әрі арттыруға болады. Тағы, облыста туризм саласын өркендетуге де толық негіз бар.

Өзбек ағайындардың туризм саласында тәжірибесі бар. Мәселен, Хорезм аймағына 2018 жылы 120 мыңнан аса мейман барыпты. Шырайлы мекенге Қазақстаннан да адамдар ағылады.

Кудратбек Игамбергенов – Хорезм облысы хәкімінің 1-ші орынбасары, Өзбекстан Республикасы:

– 2017 жылы біздің өлкеге Қазақстаннан 1555 турист келді. Былтыр бұл көрсеткіш 3 мыңға жетті. Ал биыл сіздердің елдеріңізден келетін қонақтардың саны 3 есеге артады деп отырмыз.

Жиында Петропавлда Қазақ-Өзбек сауда үйін ашу жайы да айтылды. Онда қыс мезгілінде Хорезм облысынан көкөністер мен жеміс-жидектер әкеліп, тұрғындарға арзан бағамен сату көзделген.
Кездесу соңында қос тарап өкілдері естелік сыйлықтармен алмасты. Құмар Ақсақалов қонақтарға өлкеміздің символы – аққайыңдар бейнеленген картина тарту етті. Ал меймандар жағы өңір жетекшісіне ұлттық шапанын кигізді.

Байболат Бектемірұлы