Мәдениет

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры 20-шы маусымын жапты

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры 20-шы маусымын жапты. Бұл жолы көрермендерге Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» драмасы көрсетілді. Спектакль келушілерге ерекше әсер қалдырды. Жалпы, биыл театр труппасы көрермендерге 20-дан астам қойылым ұсынған екен.

Қойылым Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» драмасы желісімен қойылған. Шығармада ескі ғұрыптардың құрбаны болған Сырым мен Қарагөздің тағдыры көрсетілген. Қос ғашықтың бірге болуына олардың туыстығы мен бойжеткеннің Нарша есімді жігітке айттырылып қойылуы бөгет болады. Екі жастың айыбы – бірін-бірі ұнатқаны. Сол үшін екеуі халық пен ата дәстүр алдында «қарабет» атанады. Нәтижесінде, бірі жынданып өлесе, енді бірі сергелдеңге салынады.

Спектакльдегі басты рөлдердің бірі жас актер Айбол Қасымға тиесілі. Ол Қарагөздің ғашығы – Сырымды сомдауда. Кейіпкер бейнесін, мінезін, мұң-мұқтажын жүрекпен терең сезініп, көрерменге жеткізе білген Айболдың бұл кәсіби шеберлігі елесуіз қалмаған. Сырымның рөлі үшін ол “Екінші пландағы ер бейнесі” аталымында топ жарыпты.

Айбол Қасым, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Рөлдің жеңілдігі жоқ. Әр қайсысы өзінше қиын.Бұл жерде қиынға соқаны ол пластика жағы болды. Дегенменде аса қиын деп те айта алмаймын. Егерде өз жұмысыңды сүйсек еш ауырпашылық жоқ қой.

Бұл қойылымды театр труппасы Талдықорған қаласында сахналаған. Темірбек Жүргеновтың 120 жылдығына арналған 6-шы Орта Азиялық театр фестивалінде драма жоғары марапатқа ие болыпты. Нақтырақ айтсақ, «Ең үздік режессура» номинациясын жеңіп алған.

Біржан Жалғасбаев, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Осы аралықта біздің театр көптеген жетістіктерге жетті. 10 жылда жетпеген жетістікке жетіп отырмыз. Атап айтсақ бірнеше халықаралық, респубикалық фестивальдарда бірнеше дүркін гран-при, үздік режессура, үздік әйел бейнелері, үздік қойылым сыңды номинацияларды біз қанжыладық.

Жалпы, театр қоржынында қазіргі таңда түрлі жанырдағы 20-дан астам қойылым бар.

Актолкын Солтанханкызы