Қоғам

“Мерейлі отбасы” байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды

«Мерейлi отбасы» жалпыұлттық республикалық байқауының ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІНДЕ топ жарған жерлестеріміз анықталды. Негізі, бұл сайысқа қатысуға биыл 69 жанұя ниет білдірген екен. Аудандық және қалалық сындардан сүрінбей өткен 17-сі өңірлік деңгейде өзара бәсекеге түсті.

Аудандық және қалалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, облыстық байқауға жеткен отбасылардың бірі – Нүсіповтер жанұясы. Бейнегүл Нүсіпова – 5 баланың анасы.

Нәзікжанды – бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп отырған ардақты ана. Бейнегүл апаның мақтанашы, отбасының тірегі ол – ұлы Мақсат Нүсіпов. Бұл есім барлығымызға таныс. Себебі, Мақсат Қазақстанның атын әлемге танытып, былтыр самбодан әлем чемпионы атанған.
Бейнегүл Нүсіпованың айтуынша болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие беру керек. Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік пен адалдық қасиеттерін сіңіріп, салауатты өмір салтына баулу қажет.

Бейнегүл Нүсіпова – байқауға қатысушы, Мамлют ауданы:

– Осындай байқауға 2013 жылы да қатысқанбыз. Осының барлығы балаларымның арқасыдеп білемін.

Жалпы, “Мерейлі отбасы” байқауына қатысуға биыл өңірімізден 69 жанұя ниет білдірген екен. Олардың тек 17-і ғана аудан мен қалалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, облыстық сайысқа өткен.

Бұл жердегі әр отбасы өзінше ерекше. Мәселен, Ескендіровтер жанұясын көпұлтты деуге болады. Себебі, келіндерінің арасында орысы мен татары да бар. Зият пен Ботагөз Ескендіровтердің шаңырақ құрғанына 44 жыл болыпты. Екеуі де өмірлерін ұстаздық жолына арнаған. Отағасының айтуынша бақыт балалы үйге қонады. Сол себепті, бүгінде бұл әулетте 10 бала және одан 17 немере бар екен.

Зият Ескендіров – байқауға қатысушы, Тимирязев ауданы:

-Тимирязев уауданынан келіп отырмыз. 17-і немерем бар. Балаларымның барлығында жоғары білімдері бар. Қазір олардың барлығы үлкен қызметтерде жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда мен бақытты адаммын.

Айта кетейік, “Мерейлі отбасы” байқауының республикалық кезеңінде де өңір намысын Уәлиханов ауданында тұратын Мұхамедияровтар жанұясы қорғайды.

Ешкенова Дана