Білім

Латын әліпбиінің емлесі оқытылуда

“Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны”. Өңірге Шайсұлтан Шаяхметов атындағы “Тіл-қазына” ұлттық орталығының мамандары келді. Олар жергілікті оқытушыларға қазақ тіліндегі латын әліпбиінің ережелерін түсіндірмек.

Айымгүл Қадырменова халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына бір жыл бойы қазақ тілінен сабақ беріп келеді. Бүгінде оқытушының 100-ден астам «студенті» бар. Аптасына екі мәрте өткізілетін курстарға енді латын графикасын үйренудің негіздері де қосылыпты. Сондықтан, жас мұғалім бүгінгі семинарға қатысып, өз білімін толықтырмақ ниетте. Айтуынша, жаңа әліпбиді меңгеруде еш қиындық жоқ.

Айымгүл Қадырменова – СҚО тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы:

– Біз қазір өздерінің аты-жөнін латын қарпінде жазуды, бірінші сыныптың мәтіндерін оқыту арқылы көз және жазу дағдысын қалыптастыруға күш жұмсаудамыз. Әзірге мұндай сабақ айына бір рет өткізіледі.

Кириллицаға қарағанда, латын әліпбиінің емлесі оңай әрі түсінікті. Ережелердің саны әлдеқайда аз. Себебі, графика қазақтың төл дыбыстарына негізделіп жасалған. Сондай-ақ, басы артық 10 әріп те латын жазуына енген жоқ. Себебі, түпкі ана тілімізде ондай қаріптер болмапты да. Бұл ретте туындайтын жалғыз проблема – кірме сөздерді жазуға байланысты.

Жұпар Жақанова – Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының жанындағы ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі:

 – Курстарға қатысқаннан кейін, оны меңгеріп алуға болады. Мысалы, бұдан былай «бюджет» деген сөзді «бүджет», «пароль» деген сөзді «пәрөл» деп қолданатын боламыз. Себебі, тағы бір ерекшелік енді жаңа графикада жіңішкелік белгісі жоқ. Сондықтан, бұл сөздердің барлығы қазақ тілінің үндестігіне байланысты жіңішкеріліп айтылатын болады.

Екі күндік семинарға өңіріміздің 120 оқытушысы қатысуда. Шара барысында мамандарға емледе орын алған өзгерістердің барлығы егжей-тегжейлі түсіндірілетін болады.

 

Эльмира Садвокасова