МТРА жаңалықтары

Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Шал ақын ауданына барды. Онда мейман Ғ.Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебі мен аудандық орталық аурухананың ұжымымен кездесті.

Бұл – Ғ.Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебі. Білім ошағында сабақтар өткізіліп қана қоймайды, ауылдық округ тұрғындарына мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Мұнда электрондық үкімет порталы жұмыс істейді. Оның көмегіне 1 жылдың ішінде 100-ден аса адам жүгініп, шаруаларын аудан орталығы Сергеевкаға бармай-ақ тындырыпты.

Айбат Әлібеков – Ғ.Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебінің ағылшын тілі және информатика пәні мұғалімі:

– Бастапқыда бізге аудандық халыққа қызмет көрсету орталығынан мамандар келіп, электрондық үкімет порталының қыр-сырын үйретті. Істің барысын аз уақыттың ішінде меңгердік. Қазір тұрғындар осы жерден түрлі құжатар алады. Мысалы, сотталмағандығы жайлы, мекенжай анықтамасы және тағы да басқа дүниелерді 5 минутта-ақ жасап береміз. Бәрімізге қолайлы.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының Шал ақын ауданына жасаған жұмыс сапары дәл осы мектептен басталды. Алдымен Алик Шпекбаевқа білім ұясындағы тағы бір жаңашылдық – сабанмен жанатын қазандық көрсетілді. Ол өткен жылы іске қосылыпты. Нәтижесінде шығын көлемі әжептәуір азайған.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

– 1 жылдың ішінде 9 мектепті, аудандық әкімшілікті және 1 балабақшаны қостық. Осының арқасында 22 млн теңге үнемдедік.

Қонақтар мектептің ішіне де бас сұқты. Мұнда білім ұясының тарихы, электрондық үкімет порталы туралы айтылды. Осы маңда тұрған адал дүкен жайлы да сөз болды. Шағын сауда сөресінен кез-келген адам өздігінше кеңсе тауарлары мен тәтті-дәмділерді сатып ала алады. Кездесу соңында Алик Шпекбаев ұжымның жұмысына көңілі толатындығын жеткізді. Жаңажолдан кейін, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы ат басын Шал ақын аудандық орталық ауруханасына бұрды. Емдеу мекемесінде бірқатар жаңашылдықтар бар.

Айдар Мұстафин – Шал ақын аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Биыл сатып алынған мына жылжымалы сандық флюорографиялық көлікпен 13-ші мамырдан бастап 1500-ден аса кескін жасалды. Ол бір орында тоқтап тұрмайды. Ауданды аралап жүріп тұрғындарды бақылаудан өткізеді. Түсірілген сурет бірден базаға жіберіледі.

Ауруханада істі цифрландыру бағытында да бірталай шаруа атқарылыпты. Мысалы, “Қызылжар адалдық алаңы” жобасы аясында электрондық кезек, мобилдік қосымша мен халықпен жұмыс жүйелері енгізіліпті. Нәтижесінде тұрғындардан түсетін шағым 85 пайызға кеміген. Алик Шпекбаев мекеменің кабинеттерін аралады. Дәрігерлермен тілдесіп, жағдайларын білді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы бас дәрігердің бөлмесінде де болды. Бұл кабинеттің бір жағы бос тұр. Оны маман демалыс мақсатында пайдаланады екен. Мұны сынға алған Алик Шпекбаев жағдайды тез арада реттеуді тапсырды.

Алик Шпекбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

 – Маған мектеп директорының кабинеті ұнады. Ал бас дәрігердің бөлмесінде бос жер жетіп жатыр. Олай болмау қажет. Қызметтік орын түгелімен жұмыс мақсатында қолданылуы тиіс. Тазалыққа да мән беріңіздер. Мынандай өрмекшінің торы ілініп тұрмасын.

Ал бұл – аудандық әкімдік ғимараты. Мұнда бүгін фронт-офис ашылуда.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

– Бұрын қоршау мына жерде тұратын. Халқымыз ана кішкентай кіреберісте тұратын. Сосын мынаның бәрін аштық.

1-ші қабатта орналасқан ашық әкімдікте тұрғындар үшін бар жағдай жасалған. Бұл жерде адамдарды бөлім мамандары кезекпен қабылдап, 25-тен аса мемлекеттік қызмет көрсетеді. Аудан әкімінің отыратын үстелі де бар. Ол да шақыртуға байланысты келіп, халықпен жүздеседі. Осы және өңіріміздегі өзгеде өзгерістерге ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев оң бағасын берді.

Алик Шпекбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Шындығын айту керек мен осы жерде 2 жыл бұрын болғам. Осы уақыт ішінде көп өзгерістер орын алды. Қаншама ғимараттар салынды. Соның бәрі сіздердің істеріңіз.

Кездесу соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы шалақындықтарға осы қарқыннан таймай жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Култанов Байболат