Қоғам

Теріскейде журналистерге арналған семинар-тренинг өтті

БАҚ туралы жаңа заңнама. Осындай атаумен бүгін жергілікті журналистер үшін оқыту семинары өтті. Жиынды Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Қазақстан Ұлттық Телерадиохабар Таратушылар Ассоциациясы БАҚ-на қолдау көрсету орталығының басшысы Сергей Власенко өткізді.

Соңғы бір жарым жылдың ішінде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға 6 рет түзетулер енгізілген екен. Құжатта орын алған жаңашылдықтар жайлы өңір журналистеріне Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Қазақстан ҰТТА БАҚ-на қолдау көрсету орталығының басшысы Сергей Власенко айтуда.

Сергей Власенко – Қазақстан ҰТТА БАҚ-на қолдау көрсету орталығының басшысы:

– Менің ойымша заңнамадағы жиі өзгерістер журналистер үшін өте қолайсыз. Себебі БАҚ өкілдері бір жағдайда көмек көрсететін, ал екіншісінде қандай да бір шектеу қоятын өзгерістерді үнемі қадағалай алмайды. Осы орайда журналистерге айтарым, олар барлық болып жатқан жағдайларды жазып алуға және де түсіруге құқылы. Ал эфирге жіберу немесе басылымдарға басып шығару бұқаралық ақпарат құралдарының редакторларымен және заңгерлерімен бірге шешілуі тиіс.

Тағы бір айта кететін жайт, енді жалған ақпарат таратқан БАҚ өкілдері көпшілік алдында кешірім сұрауы мүмкін. Мұндай жаңашылдықты енгізуді Жоғарғы Сот ұсынып отыр. Ал журналистік сұрауларға жауап беру мерзімі екі күнге дейін қысқаратын болды. Жалпы, семинар барысында көптеген маңызды сұрақтар талқыланады. Жиынға қатысушылар белсенді түрде дәріс берушімен байланысқа түсіп, өз ойларын да ортаға салды. Толғандырған сұрақтарын қойды. Қатысушыларға ситуациялық тапсырмалар мен тест сұрақтары берілді. Бұдан бөлек олар журналисттің құқығы жайлы толық мәлімет алып, заңды мүдделерін қорғау үшін біліктіліктерін арттырды.

Виктория Коваль – “Маяк” газетінің шеф-редакторы, Қызылжар ауданы:

– Осындай семинарлар БАҚ өкілдеріне әсіресе жас журналистерге пайдалы деп ойлаймын. Себебі кей жағдайларда, журналистергеде шағым түсіп жатады. Тіпті сотқа дейін жететін жағдайлар болады. Сол себепті 4 билік өкілдері өз құқықтарын біліп, өздерін қорғай білулері тиіс.

Айта кетейік, мұндай семинарлар Қазақстанның барлық қалаларында өтуде.

Ешкенова Дана