ТЖ

Суға шомылу маусымына әзірлік

Рұқсат етілмеген жерде шомылу, мас күйде суға түсу және қауіпсіздік ережелерін сақтамау. Осының салдарынан соңғы 5 жылда өңірімізде 170-ке жуық адам ажал құшқан. Мұндай қайғылы статистика қайталанбас үшін құтқарушылар алдын алу шараларын күшейткен.

Санаулы күндерден соң жадыраған жаз келіп, суға шомылу маусымы басталады. Осы кезде табиғат аясында дем алып, өзен-көлге түсіп сергігісі келетіндердің қатары күрт артады. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарға сақтансаң сақтармын деген қағиданы естен шығармауды ескертеді.

Алтай Тезекпаев – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының бастығы:

– Үстіміздегі жылдың басынан балық аулау кезінде және рұқсат етілмеген жерде шомылу салдарынан 2 адам қаза тапты. Ал өткен жылы мұндай жағдайлар тіркелмеген еді. Алда шомылу маусымы келе жатыр. Сондықтан тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін естен шығармау керектігін ескертеміз. Қауырт науқанда 50 құтқарушы жұмыс істейтін болады. Олардың 30-ы сүңгуіруші. Тағы 7 бірлік техника мен 12 жүзу құралын дайындап қойдық.

Құтқарушылар балалар лагерлерін қатаң бақылауға алмақ. Онда алдын ала жастарға жүзуді үйрететін мамандар жіберілетін болады. Оған қоса өзен-көлдерге жақын орналасқан демалыс орындарында түрлі үгіт-насихат жұмыстары мен 100-ден астам рейдтік шаралар өткізілді. Бұдан бөлек, ТЖД қызметкерлері суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерге 57 белгі қойып, 29 көрнекті стенд орнатқан.

Кирилл Иванников – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:

 – Жыл сайын шомылу маусымы кезінде қаза табушылар саны артуда. Соңғы 5 жылда ғана 168 адам суға батып кеткен. Оның 22-сі балалар. Сондықтан биыл полиция қызметкерлерімен бірігіп Есіл өзені мен Пестрое көлінің жағасын қатаң бақылауға алмақпыз.

Жалпы теріскейдің ауа райы құбылмалы болып келеді. Оның өзгеретіндігі туралы біздер 112 нөмірінен келетін смс-хабарламалар арқылы біліп отырамыз. Бірақ кейде олар кешігіп жетуі мүмкін. Сондықтан ТЖД мамандары “Darmen” мобильді қосымшасын ойлап тапқан. Ол арқылы енді ауа райындағы құбылыстарды бірнеше секундтың ішінде-ақ білуге болады. Ал тың жаңашылдықты ұялы телефонға Play-market және App-store арқылы жүктеп ала аласыз.

 

Маржан Касымбек