Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен келді

Петропавлға үш күндік жұмыс сапарымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келді. Мейман бірінші кезекте облыстық көші-қон қызметі басқармасына барып сол жердегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтты.

Алдымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы облыстық көші-қон қызметі басқармасында болды. Алик Шпекбаев бұл жердегі жұмыстармен танысып, өтініш пен шағымдар жазылатын кітапшаны қарап шықты.

Жалпы облыстық көші-қон орталығы 2017 жылдың желтоқсан айында ашылған болатын. Жаңа кеңсе заманауи құрылғылармен жарақталған. Бейнебақылау камералары мен электронды кезек терминалдары да орнатылған. Айта кетейік, мұнда жыл басынан бері 69 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген екен. Тағы 1200-ге жуық шетел азаматы жұмысқа тұруға рұқсат беретін құжаттарын алыпты.

Талғат Әбілов – СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы:

– Біздің орталықта тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 12 түрі көрсетіледі. Олардың кең таралғандары шетел азаматтарын уақытша тіркеу болып табылады. Ең бастысы мұнда келген адамдарға қолайлы жағдайлар жасалған. Мамандар шаруаны сапалы атқарады. Сөйтіп, біздер полиция жұмысының ашықтығын көрсетеміз.

Алик Шпекбаев бұл нысаның барлық кабинеттеріне бас сұғып, мамандардың жұмысымен танысты. Бұл жердегі атқарылып жатқан шаруаға көңілі толған мейман, өзінің оң бағасын берді.

Алик Шпекбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Жалпы, халыққа бұл жерде қолайлы жағдай жасалған екен. Сапалы мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіліп жатыр. Бұл әрине көңіл қуантады. Осы орайда, аймақ басшылығы мен бұл жердегі қызметкерлерге алғысымды айтамын.

Көші-қон орталығанан кейін меймандар А.Винокуров атындағы спорт сарайына аттанды. Бұл жерде облыс әкімдігінің қызметкерлері қоғам өкілдерімен волейбол ойнады.

Жолдастық кездесуге қос команданың жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр. Олар әдемі ойын өрнегін көрсетіп, шеберліктерін паш етуде.

Чингиз Қурбанов – «Солтүстік Қазақстан облыстық әзірбайжан мәдени орталығы» ҚБ төрағасы:

– Ойын жақсы өтіп жатыр. Екі команда да бір деңгейде деуге болады. Қарсылас құрманың ойыншылары лайықты ойын көрсетуде. Ең бастысы жеңіс емес, өзара достығымыз.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өңірімізге 3 күндік жұмыс сапарымен келген.

Ешкенова Дана