Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлға жаңа автобус әкелінді

Петропавлға қытайлық Голден Драган компаниясы шығарған автобус әкелінді. Заманауи қоғамдық көлік облыс орталығында біршама уақыт сыналмақ. Яғни, мамандар машинамен қала көшелерінде жүріп, аялдамаларға тоқтап, тұрғындарды тасымалдап бақылаудан өткізеді.

Үстіміздегі жылы отандық “Astana Motors” пен қытайлық “Golden Dragon” компаниялары келісімшарт жасасыпты. Екі жақты бекітілген құжаттардың аясында аспан асты елінде шығарылатын автобустар Алматы қаласында құрастырылатын болған. Сөйтіп, оңтүстік астанада мынадай заманауи қоғамдық көліктер жиналады. Олардың біреуі бүгін Петропавлға жеткізілген. Мұнда темір тұлпар сынақтан өтпек.

Дәурен Есембаев – “Astana Motors” компаниясының өкілі:

– Автобустың ұзындығы – 11 метр. Ішінде 32 орыны бар. Бағасы орта есеппен 40 млн теңгедей болады. Ішінде пеші бар. Өте жақсы жылытады. Қыста автобус өте жылы болады.

Автобустың бұдан өзге де артықшылықтары бар. Мәселен, ол автоматты түрде басқарылатын пандуспен жарақталған. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық көлікке емін-еркін кіріп, шыға алады.

Владимир Эрман – қала тұрғыны:

-Автобусқа оңай кіруге болады. Кіре берісі кең екен. Айналуға орын жетеді. Астана, Алматы сынды қалаларда осындай көліктер көп. Бізде де жүрсе жақсы болады.

Тағы, салонда бейнебақылау камерасы орнатылған. Осы құрал арқылы жүргізуші мұндағы жағдайды алдындағы шағын экраннан көріп отырады. Темір тұлпардың іші өте кең. Діттеген жерге тұрып баратын адамдар үшін де орын жеткілікті. Сондықтан әр 25-30 см сайын арнайы ұстағыштар қойылған. Көп кешікпей автобусты сынау басталды.

– Міне, автобус орнынан қозғалды. Қазір біз Жабаев көшесі бойымен жүріп келе жатырмыз. Қоғамдық көліктің іші мұнтаздай таза. Орындықтары жұмсақ, жайлы. Іштегі адамға сыртағы тербеліс, қозғалыс мүлде сезілмейді. Автобус қала тұрғындарының көңілінен шығатындығына сенімдіміз.

Жаңа қоғамдық көлікті тізгіндеген жүргізуші 4А бағыты бойынша жүріп келеді. Ол жол-жөнекей орналасқан аялдамаларға тоқтап, тұрғындарды мінгізуде. Жерлестеріміз автобусқа оң бағаларын беріп жатыр.

– Әр күн сайын 4А автобусымен жұмысқа барамын. Мына көліктің іші кең, таза екен. Біздер үшін өте жайлы. Сондықтан осындай автобустардың көп болғанын қалаймыз.


– Автобустың терезелері үлкен, іші салқын екен. Жаздағы ыстықта осындай көліктермен қатынаған жақсы.

Автобусқа облыс әкімі Құмар Ақсақалов та мінді. Темір тұлпар өңір жетекшісінің де көңілінен шықты. Ол тілшілермен әңгімелесіп, алдағы уақытта осындай көлікті көптеп сатып алу жағы қарастырылып жатқанын айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бірнеше мемлекетте осы автобустың жүргенін көріп отырмыз. Сондықтан біз іскер адамдармен ақылдасып, 2-3 күннің ішінде бір шешімді қабылдаймыз. Мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. 30-40 автобусты бірден сатып алуға дайынбыз.

Айта кетейік, бүгінгі таңда қалада 270-ке жуық қоғамдық көлік бар. Олардың дені – қытайдың кішкентай ғана автобустары.

 

 

Култанов Байболат