Қоғам

Мемлекеттік қызметтер электронды форматқа ауыстырылуда

Үйден шықпай-ақ, шаруаны тындыр. Бүгіндері көптеген ведомствалар ұсынатын мемлекеттік қызметтерін электронды форматқа көшіруде. Нәтижесінде уақыт үнемдеп, ұзын-сонар кезек күтпейсің. Оның үстіне мұндай жаңашылдықтар қағазбастылықтан арылып, бармақ басты көз қыстылықтың алдын алуға септеседі.

Қазір индустриялық-инновациялық дамуды басқаруда көптеген мемлекеттік қызметтер жеңілдетілуде. Себебі жартысынан көбі электрондық форматқа көшірілген.

Арман Оразғұлов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– 2018 жылдың сәуірінде минералды шикізатты пайдалану туралы кепіл шартын рәсімдеу бойынша мемлекеттік қызметтердің стандарттары қабылданды. Бірінші рет құрылысқа лицензия беру бойынша мемлекеттік қызмет стандарты әзірленді, бұл ұсақ кен орындарында алтын өндіретін карьерлердің қызметін заңдастыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, қызметтерді жетілдіру бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Сондықтан олардың сапасы мен тұрғындарға уақтылы берілуі қатаң бақылауға алынған. Ал, кәсіпкерлік және туризм басқармасы екі мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді екен. Біріншісі, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша гранттар беру. Екіншісі – инфрақұрылымды жетілдіруге қатысты.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– 2018 жылдан бастап гранттық қаржыландыру бойынша жобалар өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылмайды. Оған қоса бұл қызметтің мерзімі 19 күнге қысқартылған екен.

Айта кетейік, азаматтарға ыңғайлы болу үшін туризм саласындағы мемлекеттік қызметтер де жаңартылды. Кейбір құжаттар электрондық форматқа көшірілген.

Ешкенова Дана