Көлік және жолдар

Колхозный косогор көшесі жөндеуді қажет етеді

Айта-айта жауыр болған жол мәселесі. Облыс орталығындағы Колхозный косогор көшесінің тұрғындары жолдың жоқтығына шағымдануда. Олар осы проблемасын бір жыл бұрын қалалық әкімдік өкілдеріне жеткізген. Алайда әлі күнге дейін жауап ала алмай жүр.

Маржан Қасымбек:

– Бұл көшелерде қоғамдық көліктер жүрмейді. Тіпті, тұрғындарға жедел жәрдем көмегінің жетуі қиын. Өйткені, мұнда тек “Жас Өркен” шағын ауданы арқылы ғана кіруге болады.

Осыған дейін Колхозный косогор көшесі “Казгалантерей торг” кәсіпорын базасының бақылауында болыпты. Компания жұмысын тоқтатқан соң, аудан да қараусыз қалды. Содан бастап, жолдардың да жағдайы нашарлаған. Шұрық-тесік көшелерден аяқ алып жүру мүмкін емес.

Татьяна Шихалева, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Жауын-шашынды күндері балғындарды мектепке жіберу мүмкін емес. Өйткені, саз-батпақта бала түгілі ересектердің жоғарыға көтерілуі қиындайды. Көктемде қар ерігенде де солай. Ал көлігі барлар бұл көшемен тіптен жүргілері келмейді. Себебі, абайламасаң, шұңқырлардың біріне темір тұлпарыңды зақымдап алуың мүмкін. Өткен жылы қалалық әкімдіктегілер келіп көшелерді суретке түсіріп, ауыр жүк көліктері қатынасына тыйым салатын белгі орнатып кетті.

Содан соң, 200 метр жерге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп уәдені үйіп төккен. Бірақ сол кеткелі, мол кеткен. Міне, 1 жыл уақыт өтсе де, мұнда ат ізін салмапты. Ал күн өткен сайын жолдардың жағдайы нашарлап, тұрғындарды әбігерге салуда. Олар алда-жалда төтенше жағдай бола қалса, мұнда не өрт сөндірушілер, не жедел жәрдем көлігі кіре алмайды дейді. Жығылғана жұдырық демекші, осы аудан арқылы қатынайтын петропавлдықтар көліктерінен қоқыстарын лақтырып кететін көрінеді. Салдарынан жол жиегіне қалдықтар тау боп үйіліп қалған. Оны ешкім жинамайды да. Сондықтан аудан тұрғындары көше бойына қоқыс жәшігін де орнатып берсе екен деген өтініштерін жеткізуде.

Маржан Касымбек