Білім

Түлектер мектеппен қоштасты

Мамырдың 25-і еліміздің барлық оқу ошақтарында соңғы қоңырау сыңғырлады. Сөйтіп, биыл 3 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жас үлкен өмірге қанат қақты. Олардың 87-сі – Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері. Аймақтағы бетке ұстар оқу орнының студенттері Қазақстанның және алыс-жақын шетелдің үздік университеттерінде білім алмақ ниетте.

Саят Ермек – тілші:

– Қазақстандағы ең ірі мектептер желісі. Оны әлемнің көптеген мемлекеттері де таниды. Мұнда еліміздің ең зияткер, жан-жақты және бәсекеге қабілетті жасөспірімдері білім алады. Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2015 жылдан бері жұмыс жасап келеді, ал бірнеше сәттен соң білім ошағы түлектерінің кезекті легі үлкен өмірге қанат қақпақ.

Жасыл лента, қызыл ала галстук, ақ бантик пен құшақ-құшақ гүлдер. Міне, Назарбаев зияткерлік мектебінің 87 түлегі қаз-қатар тізіліп салтанатты шара басталды. Ұстаздар, ата-аналар мен ізбасарлары оларға сәт сапар тілеуде. Алға ұмтылып, үздік атаныңдар! Бұл – облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтің тілегі.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Назарбаев зияткерлік мектептері – бұл ел мақтанышы. Ол – өзгелерге үлгі боларлық, еліміздің білім беру саласын алға жетелейтін оқу ошағы. Сіздер осында білім алдыңыздар. Енді сол алтын қорды толықтырып, болашақта елді ілгерілетуде пайдалану керексіздер. Бұл үшін мемлекет бар жағдайды жасап отыр.

Ең қызығы, өңірдің барлық оқу ошақтарында түлектер 11-ші сыныпты аяқтап жатса, НЗМ студенттері 12-ші сыныпты тәмамдауда. Мамандық пен ЖОО таңдау. Зияткерлік мектеп бітірушілері бұл турасында, тіпті, бас ауыртпайды. Түлектердің дені өз таңдауларын баяғыда-ақ жасап қойған.

Ерасыл Абаев – химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі:

– Мен болашақта Алматыдағы Қазақстан-Британ университетіне түскім келеді. Ол жерде мен инженер мамандығына білім алсам деген ойдамын. Назарбаев зияткерлік мектебінде мен жоғары сапалы білім алып, үштілділікті дамыттым. Бұл мектепте 4 жарым жыл ғана оқысам да, соншалықты деңгейде бауыр бастым. Бұл жердегі әрбір мұғалімді, оқушыны мен ешқашан ұмытпаймын.

Шүбә жоқ, мұнда берілетін білім – сапалы, жан жақты. Мұны отандық былай тұрсын, шетелдік ЖОО-лары да мойындап отыр. НЗМ түлектерін қуана-қуана қабылдайды, оқытады. Қазірдің өзінде, түлектердің кейбірі Еуропа, Азия және Американың бірқатар үздік университеттерінен шақырту алған.

Нұрғали Елшібеков, химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

– 20-ға жуық оқушымыз Англия, Америка және Гонконг секілді мемлекеттерден шақырту алды. Тағы 10 шақты оқушымыз құжаттарын Назарбаев университетіне тапсырайын деп жатыр. Қалған оқушылар ҰБТ нәтижелері бойынша қазақстандық университеттерге түседі.

Кімге оқиды, қайда оқиды – мұның бәрін уақыт көрсетеді. Әзірге, түлектерде соңғы қоңырау. Мектеппен қоштасу әні, ұстаздарға алғыс және, әрине, вальс. Салтанатты жиын жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлерге сай өтуде. Белгілісі бір – бұл күнді мектеп бітірушілер өмір бойына есте сақтайды.

Саят Ермек – тілші:

– Осылайша, мамырдың 25-і 70 мың солтүстікқазақстандық оқушы үшін кезекті оқу жылы тәмамдалды. 3300-ге жуық жас алтын ұясымен қоштасты. Олар үшін мектеп қабырғасындағы қоңырау бүгін соңғы рет сыңғырлады. Ал 2100-ге жуық түлекті маусымның соңында маңызды сынақ – ҰБТ күтіп тұр.

 

Саят Ермек