Балалар

Шеберлер қаласы

Оқушыларды жұмысшы мамандықтарына қызықтыру. Осы мақсатта М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да «Шеберлер қаласы» атты шара өтті. Оған Петропавл кұрылыс-экономикалық коледжінің оқытушылары мен студендері және “Chaplin” барбершоп мамандары шақыртылды.

Мына жерде Петропавл құрылыс – экономикалық колледжінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Олар бір стақан ұн, тұз, желім және кішкене сұйық май мен крахмалдан жасалған қамыр пластикасынан мысықтың мүсінін әзірлеуде. Іс барысын оқушылар мен студенттер жағы қарап, қызықтап тұр. Бұдан бөлек, ұл-қыздар шеберлердің қиялынан дүниеге келген қуыршақ, мамыргүл бұтағы мен кішкентай үйшікті де көре алды.

Татьяна Уросова – Петропавл құрылыс – экономикалық колледжінің өндірістік оқыту шебері:

– Шараға алып келген мына үйшікті 1 күнде жасап шығуға болады. Ол үшін бірінші қамырды дайындап қоямыз. Кейін, мүсінін жобалап жасаймыз да, тұмшапешке салып кептіреміз. Яғни, қамырдың қатқанын күтеміз. Дайын болған соң, суытып, өз қалауымызша бояп, безендіреміз.

Жиылғандарды аспаздар да таңқалдырды. Олар тортты безендіруге арналған қант мастикасын әзірлеп, көкеністерді әдемілеп кесуде. Құрылысшылар болса орындықтарды жасап, сылақ жұмыстарын көрсетіп жатыр. Бұның бәрі оқушылар мен студенттердің қызығушылығын тудырды. Олар жай ғана қарап тұрмай, іске белсенді араласты. Сонымен қатар, шараға “Chaplin” барбершопынан да маман шақыртылыпты. Нәзік жанды келушілерге шаш қиюдың әдіс-тәсілдерін түсіндірді.

Даяна Оспанова – “Шеберлер қаласы” шарасын ұйымдастырушы:

– Шараның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарға назар аудару. Сондықтан мұнда бірқатар шеберлерді шақырдық. Олар жастарға әсер етіп, болашақ мамандығын таңдауға ықпал етеді деген ойдамыз.

Шара соңында қатысушыларға киноға билеттер мен түрлі сертификаттар табысталды.

Актолкын Солтанханкызы