Мәдениет

Облыстық орыс драма театры 132-маусымын аяқтады

Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театры 132-ші маусымды тәмамдады. Бір жылдың ішінде театр ұжымы жергілікті көрермендерге 10 шақты спектакль ұсынған екен. Ал, жылды қорытындылайтын маусымжабарға актерлер ерекше бағдарлама әзірлепті.

Спектакль басталмас бұрын, сахнаға биыл ғана ашылған балалар театр студиясының тәрбиеленушілері шығып, өнерлерін көрсетті. Олар жиылғандарға өздерінің шағын қойылымдарын ұсынуда. Аталмыш үйірмеге қазір 27-і балғын келіп жүр. Солардың бірі – Станислав Окованцев. 9 жасар жеткіншек актер болғысы келеді.

Станислав Окованцев – театр студиясының тәрбиеленушісі:

– Студияда өнер көрсетіп жүргеніме қуаныштымын. Бұл жерде түрлі жаттығулар жасаймыз. Үйірмеге аптасына үш рет келіп тұрамын.

Ендігі кезек, асыға күткен спектакльге де келіп жетті. Жылды қорытындылайтын маусымжабарға өнер ұжымы ерекше бағдарлама әзірлепті. Мәселен, биыл актерлер ең үздік қойылымдардың үзінділерін көрермен назарына ұсынуда. Солардың бірі – “Гавань любви” деп аталатын туынды. Бұл спектакльде екі ғашықтың бір-біріне деген сезімдері көрсетіледі.

“Ромео мен Джульетта”, “Рождество алдындағы түн”, “Ресейлік құпия”. Бұл театрда сахналанған қойылымдардың бір парасы ғана. Жалпы биыл өнер ошағы солтүстікқазақстандықтарға 4 жаңа қойылым және балаларға арналған 1 ертегіні көрсетіпті. Театрдың көркемдік жетекшісі Елена Покрастың айтуынша, өткен маусым көрермендерге рухани азық болар қойылымдарға толы болған.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Биыл сахналаған әр қойылым көрерменнің көңілінен шықты. Сол себепті біз өнер сүйер қауымды селт еткізер таңдаулы спектакльдердің жиынтығын құрдық. Бүгін саханада театр ұжымы толығымен өнер көрсетті. Барлығы 34 адам. Кезекті маусымды осылайша жапқан дұрыс деп ұйғардық.

Кеш соңында 132-ші театр маусымында жемісті еңбек еткен бірқатар актерлер мен қызметкерлер қошеметке бөленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Мәселен «Ең үздік әйел рөлі» номинациясы Ирина Полещукқа бұйырды.

Ирина Полещук – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жоғары санат актрисасы:

– 132-ші театр маусымы мен үшін өте жемісті болды. Себебі екі үлкен спектакль қойылды. Тевье және Ромео и Джульетта. Екеуіде көңілімнен шықты. Көрермен де бұл қойылымдарды жақсы қабылдады.

Өнер ұжымы алдағы уақытта да көрермендерін жаңа туындыларымен қуантпақшы.

Ешкенова Дана