Балалар

Жазғы лагерьлерге қойылатын талаптар

Майға қуырылған тағамдар мен фаст-фуд. Тамақтың мұндай түрлері жазғы лагерьлерде демалатын балаларға берілмеуі тиіс. Бұдан өзге демалыс орындары санитарлық тұрғыда таза болуы шарт. Бұл мамандардың қатаң бақылауында. Сондай-ақ, маусымның 1-і – Халықаралық балаларды қорғау күні өңірде кең көлемде аталып өтілмек.

Теріскейлік балғындарды биылғы жазда 14 лагерь кабылдайды. Қазір демалыс орындарында жөндеу, тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауа райы мүмкіншілік берсе, маусым шамамен екі аптадан соң басталады. Алайда, алдымен әрбір лагерь санитарлық тексерістен өтуі тиіс. Қойылар талаптар жоғары.

Гүлнәр Сейітова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Маусым басталмас бұрын лагерьдегі барлық үйлер жөнделіп, сырланып, қалыпқа келтірілуі тиіс. Аумақты абаттандырып, тазарту қажет. Дезинфекция және дератизация жүргізіліп, ауыз судың сапасы тексерілуі тиіс.

Қағидалар мен талаптар тізімі ауқымды, әрине. Ең маңызыдыларының бірі – тамақтандыру. Бұған ерекше көңіл бөлінген. Майға қуырылған тағамдар мен фаст-фудқа қатаң тыйым салынады. Ас мәзірі үйлестірілген, пайдалы әрі түрлі дәрумендерге толы болуы тиіс. Бұдан бөлек, мұндай демалыс орындары – өрт шығу қаупі жоғары мекендердің санатында. Сондықтан, қауіпсіздікке сылбыр қарамау қажет.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Өрт сөндіргіштер, су гидранттары болуы тиіс. Бәрі ақаусыз жұмыс жасап тұруы қажет. Бұдан өзге, электр сымдарын да тексеріп, жөндеу керек. Аумақты тез жанатын құрғақ шөп пен бұталардан да тазарту керек.

Тағы бір маңызды мәселе – бұл судағы қауіпсіздік. Балаларды жағажайда қараусыз қалдыруға болмайды, суға тек белгіленген жерлерде ғана түсу керек. Осы және өзге де қағидаларды тәлімгерлерге құтқарушылар түсіндіріп жүрміз дейді.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінің ауылы алыс емес. Осымен үшінші жыл мейрамға орай Петропавлда балалар мен жасөспірімдердің музыкалық орекстрлері парадқа шығады. Биылғы шеруге 3 мыңнан астам жеткіншек қатысады деп жоспарланып отыр. Музыкалық аспаптарды ұстаған балғындар мен жастар Қазақстан Конституциясы көшесінің бойымен жүріп өтпек. Шуақты мереке күні ел болашағы – балаларға арналып өзге де қызықты шаралар ұйымдастырылмақ.

Татьяна Протопопова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Балаларға арналған ауқымды концерт қойылады. Оған 500-ге жуық өнерлі балғын қатысады. Тұңғыш Президент саябағында туристік кедергілер жолағы жасалады. Оқушылар сарайы мен Қарасай стадионында да бірқатар шаралар жоспарланған. Қалалық кинотеатрларда ең кішкентай балақайлар үшін мультфильмдер тегін көрсетіледі.

Ал мамырдың 25-і 70 мың теріскейлік ұл-қыз үшін кезекті оқу жылы аяқталады. 3300-ден астам түлек мектепті тәмамдап, үлкен өмірге қадам баспақ. 2200-ге жуығын маусым айының аяғында маңызды сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр.

 

Саят Ермек