Білім

Отандық мектептерде кәсіпкерлік негіздері үйретілетін болады

Кәсіп ашуға партадан машықтан! Алдағы оқу жылынан бастап барлық қазақстандық мектептерде кәсіпкерлік негіздері үйретілетін болады. Бұл элективтік курстармен 10-шы және 11-ші сынып оқушылары қамтылмақ. Биыл аталмыш пән пилоттық жоба ретінде бірнеше мектептерге ендірілген екен.

 Саят Ермек – тілші:

– Шыны керек, көбінің бизнес ашып, мол пайдаға кенелгісі-ақ келеді. Алайда, базалық білім болмаса, құр идеядан пайда аз. Не істеуге болады? Осылайша, Білім және ғылым министрлігі “Атамекен” палатасымен бірлесе кәсіпкерлік негіздерін мектеп бағдарламасына ендіруді шешкен.

Алдағы қыркүйектен бастап бұл пән еліміздің барлық білім ошақтарында факультатив ретінде оқытылмақ.

Ирина Торопова – СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім сарапшысы:

– Бастама Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тиесілі, ал министрлік оқу бағдарламасын әзірлеп шығарды. Ол 2 жылға шақталған. Курстың 30 проценті -теориядан, ал қалған 70 пайызы практикадан тұрады. Осылайша, мектеп оқушыларының қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлікке деген қызығушылықтарын арттырмақшымыз.

Ал осы оқу жылында “Кәсіпкерлік негіздері” пилоттық жоба ретінде еліміздегі 17 мектепте оқытылды. Бескөлдегі гимназия – солардың бірі. 10-сынып оқушылары істі домалатудың негіздерін арнайы оқулықтың көмегімен меңгерген. Бизнес ашу, оны дамыту, бәсекелестік және салық төлеу – мұнда бәрі жазылған.

Владимир Бабышев – Бескөл орта мектеп-гимназиясының мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Факультативке 20 бала қатысты. Сабақтар оқу жылы бойы аптасына бір рет, екі сағаттан өтіп тұрды. Оқушылар бизнес-жоспар құрды, кірістер мен шығыстарды санауға машықтанды. Балалар мен ата-аналар тарапынан бұл пәнге деген қызығушылықтың жоғары екендігін атап өткім келеді.

Владимир Бабышев 9 ай бойы 10-шы сынып оқушыларына кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретті. Оң нәтиже көп күттірмеді. Оқушыларының бірі Мерей Әбілмәжінова өзінің шағын ғана бизнесін ашуды шешкен. Бұл – гипстан жасалған, тоңазытқышқа сән беретін магниттер. Бетінде Бескөлдің көрікті жерлері бейнеленген. Бәрі – Мерейдің төл туындылары. Керегі тек гуашь, қылқалам мен тума талант. Небәрі 40 минуттың ішінде сурет дайын болады. Кейін оқушы оны лактайды, артына магнит жабыстырады. Мұндай бір заттың құны – 150 теңге.

Мерей Әбілмәжінова – Бескөл орта мектеп-гимназиясының оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Мен елорда не Петропавлды емес, өзіміздің ауылды бейнелеу қажет деп санадым. Себебі, Бескөлде де көз тартар мекендер жететін. Бүгінге дейін жасаған 20-25 магниттің тек 5 шақтысын ғана саттым. Бұл әрине, көп емес, бірақ бастама мен табыс бар.

Аталған кәдесыйға сұраныстың әрдайым жоғары болатынын айтады жасөспірім. Сондықтан, істі ілгерілету жоспарда. Ал мамандардың сөзінше, “Кәсіпкерлік негіздері” пәні барлық оқу ошақтарына ендірілсе, Мерей сынды жас іскерлердің қатары арта түсері анық.

Саят Ермек