Денсаулық сақтау

Облыстық онкологиялық диспансердегі онкүндік

Петропавлда онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған онкүндік өтіп жатыр. Ақ халатты абзал жандар мамырдың 17-сі мен 27-сі аралығында тұрғындармен жүздеседі, тілшілермен тілдеседі. Бүгін БАҚ өкілдерінің қатысумен кезекті баспасөз брифингі өтті. Жиында меланома және тері обырының пайда болуы, қаупі және одан айығу жолдары айтылды.

Қазір өңірде ауа райы жылы, күн шуағын төгіп тұр. Дәл осы күннің көзі адамдардың жүзіне жылу сыйлайды, ағзадағы Д дәруменін арттырады. Оған қоса, Жер анаға жан бітіреді. Дегенмен, оның зияны да бар. Нақтырақ айтар болсақ, сәуле моңғолоид, еуропалық нәсілді тұрғындар үшін аса қауіпті. Егер де осындай топтарға жататын кісілер күн астында көп жүрсе, тері обырына шалдығуы мүмкін.

Олег Дудяк – облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:

– Былтыр солтүстікқазақстандық 197 адамның тері обырына шалдыққандығы анықталды. Биылғы жағдай да мәз емес. Небәрі 4 айдың ішінде 77 тұрғынның терісіне күн сәулесі әсерін тигізіп, қатерлі ісік тудырған. Егер де көрсеткіш осы қарқыннан таймаса, жыл соңында науқастардың саны 200-ден асып жығылуы мүмкін.

Тері обырының қалай алдын алуға болады? Ол үшін бірінші кезекте денені түгел жабатын жұқа киім мен басқа қалпақ кию қажет. Және күн сәулесінен қорғайтын крем жаққан абзал. Брифинг барысында Олег Дудяк онкологиялық аурулардың ішіндегі меланома жайлы да айтып берді. Бұл дерт меңге зақым келтіргеннен туындайды екен. Яғни, қал орналасқан бөлікті тырнаса, соқса ол қызарып, көлемін өзгертіп, кеселге алып келуі мүмкін.

Олег Дудяк – облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:

– Мең зақымданса кішкентай клеткалардан тұратын меланома пайда болады. Ол кез келген жерге өтуі мүмкін. Мысалы, тыныс алу жолдарына, өкпеге әсер етеді. Тіпті, миға да зақып келтіреді. Сондықтан, қалға өте мұқият болу қажет. Әсіресе, белдік таққанда, аяқ киім кигенде ұқыптылық танытқан жөн.

Облыстық онкологиялық диспансерде ертең таңғы 9-дан бастап күндізгі 13:00-ге дейін ашық есік күні өтпек. Онда мамандар кез келген тұрғынды қабылдап, дерттер жайлы толығырақ мәлімет беретін болады.

 

Култанов Байболат