Мәдениет

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. 2013 жылдан бері Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанда үлгілі жанұялардың ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Дәстүрге сай конкурс 3 кезеңнен тұрады.

Бабенколар жанұясы – көпке үлгі. Ерлі-зайыптылар студенттік шағынан бастап әлі күнге дейін қол ұстасып бірге келеді. Қос ғашықтың басын спортқа деген сүйіспеншілік қосыпты. Дәл осы қызығушылық ұлы Дмитрийдің конькимен жүгіруге бет бұруына себепші болған көрінеді. Азамат 2006, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы атанып, 24 мәрте Қазақстанның рекордын орнатқан. Аты әлемге танымал спортшының жанұясы бүгін «Мерейлі отбасы» атағына ие болды.

Әнді ұйып тыңдап отырғандар – Айбар, Расул мен Райяна. Бүлдіршіндер туғандарынан бастап, ұлттық аспаптардың әуені мен нағыз қазақтың бесік жырын естіп өсуде. Себебі, ата-аналары Айдос пен Жәмила – Сегіз сері ұлттық оркестрінің мүшелері. Қос ғашық – қобызда ойнайды. Өнерлі жұптың шаңырақ көтергендеріне биыл 9 жыл толыпты. Бір-біріне әлі де сол баяғы сезімге толы көздерімен қарайды.

Айдос Ақылбеков:

 – Зайыбым екеуміз 1-ші курста танысып, сол уақыттан бірге болдық. Қыз-жігіт болып жүрдік, кейін оқуды бітірген соң отау құрдық. Біз тәрбиеде ең бірінші имандылыққа, үлкенге құрмет пен кішіпейілділікке назар аударамыз.

 Жәмила Мұстафина:

– Ең үлкен ұлымыз – 2-ші сынып оқушысы. Сабағын жақсы оқиды. Каратэге барады. Шахматқа әуес, қазір турнирлерге қатысып жүр. Екінші ұлым – өнерге, музыкаға жақын. Әр баланың жолы әр түрлі болады, біз оларға әрдайым қолдау көрсетеміз.

Конкурстың қалалық кезеңінде барлығы 5 шаңырақ үздіктер қатарынан көрінді. Жалпы, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

 

 

Эльмира Садвокасова