Балалар

Мектеп түлектері раушан гүлін отырғызды

Өзіндік дәстүрлері бар. ЛОРД мектеп-лицейінде “Мектептің сүйікті түлегі” атты акция өткізілді. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған шарада түлектер аулаға раушан гүлдерін екті.

Дана Асқар – “Алтын белгіге” үміткер. Үздік оқушы сыныптастарымен бірге сүйікті мектебінің алдына раушан гүлін егуде. Келешекте аулаға көрік беріп тұратын өсімдікті таңдау барысында оның әдемілігі мен жұпар иісін ескерген.

Дана Асқар – ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының түлегі:

– Түлектер жыл сайын сүйікті мектебіне естелік сыйлықтарын тарту етеді. Биыл біз де сол дәстүрді жалғастыруды шештік. Мектеп ауласына раушан гүлінің өскіндерін отырғыздық. Олар алдағы уақытта өсіп, жайқала түседі деп үміттенеміз.

Дәл осы “Мектептің сүйікті түлегі” акциясы биыл алғаш рет өткізіліп отыр екен. Оған білім ошағын аяқтағалы жатқан 24 түлек қатысты. Мектеп ұжымы алдағы уақытта осындай шараны дәстүрге айналдыратынын айтты.

Наталья Маторина – ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының мұғалімі:

– Жалпы, лицейіміздің дәстүрлері өте көп. Біздің мақсатымыз – осындай шаралар арқылы оқушылар мен мұғалімдердің қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсу.

Айта кеткен жөн, мектепте жалпы 356 оқушы тәлім алады. Олардың 58-і аудандардан келген.

Маржан Касымбек