Спорт

Жерлестеріміз жүлделі оралды

Жерлес жас кикбоксшылар республикалық чемпионаттан жүлделі оралды. Олардың біреуі – алтын, екіншісі – күміс, ал үшеуі қола медаль иеленген. Қызылорда қаласында өткен турнирге 300 спортшы қатысыпты.

Бесеуі де – Камиль Сафин атындағы бокс мектебінің тәрбиеленушілері.Кұрбанғали Төлегеннің спортқа ден қойғанына көп болмаған. Десе де, бүгінге дейін біраз медаль жиып үлгерген. Жеңіске деген жігері жоғары жас кикбоксшы республикалық сайыста 3-ші орынға ие болды.

Құрбанғали Төлеген, К.Сафин атындағы бокс мектебінің тәрбиеленушісі:

– Мен осы кикбокспен 1 жыл айналысып жүрмін. Тренерім мені жарысқа Қызылордаға жіберді. 2:1 есебімен жеңіске жеттім.Бокс саласынан маған ұнайтын ол Геннадий Головкин болып табылады. Өйткені, ол – біріншіден чемпион және де жақсы спортшы. Өз спортын жақсы танып білген адам.

Ал Мәдина Бауыржан қанжығаға алтынды басқан. Кикбокспен 2 жылдан бері шұғылданып жүрген бойжеткен бұдан басқа да талай дүбірлі додада топ жарған.

Мәдина Бауыржан, К.Сафин атындағы бокс мектебінің тәрбиеленушісі:

– Менің сыныптасым келді, ол маған бокспен айналысатынын айтты, оны маған бокс мектебінің карточкасын әкелуді өтіндім. Осыдан кейін мен боксқа әрқашан барамын.

Негізі, Қызылордада кикбокстан өткен ел чемпионатына 9 теріскейлік қатысқан екен. Соның 5-уі жүлделі орындарға ие болған. Енді қазір спортшылар тағы бір республикалық жарысқа дайындалып жатыр.

Сабыржан Сақтағанов, К.Сафин атындағы бокс мектебінің аға жаттықтырушысы:

– Жасөспірімдер арасындағы келесі жарыс Қордай қаласында өтеді. Шамамен маусымның 18-і мен 22-сі аралығына жоспарланып отыр. Оқу-жаттығу жұмыстарын қазірден бастап тыңғылықты түрде жүргізудеміз.

Бұл дүбірлі додада солтүстікқазақстандық кикбоксшылар тағы бір мәрте үздіктер қатарынан көрінетіндеріне сенімді.

Дана Қалиева