МТРА жаңалықтары

Қоғамдық бақылау картасына 99 өтініш түскен

Жыл басынан бері солтүстікқазақстандықтар / қоғамдық бақылау картасына 100-ге жуық өтініш жолдаған. Базынаның басым көпшілігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты. Арасында қалалық әкімдіктің шамамен 23 млн теңгеге көлік сатып алуына қатысты сауал да бар. Мұның бәрін іске жауапты мамандар зерттеген, нақты жауапқа көз жеткізген.

Елімізде өткен жылы қоғамдық бақылау картасы іске қосылғаны мәлім. Оған тұрғындар өздерінің толғандырған сұрақтарын жолдай алады. Яғни, арнайы телефон нөміріне қоңырау шалып, смс-хабарлама жіберіп немесе ватцап, телеграм желілері арқылы базынасын жеткізеді. Былтыр солтүстікқазақстандықтардан мұндай 131 шағым түсіпті. Ал биылғы сауалдардың саны, әзірге 99-ды құрайды.

Есқали Саламатов – ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

–  Шағымдардың 65-і – қала, ал қалған 34-і өңір аудандарынан жолданды. Бізге келіп түскен сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы. Жерлестеріміздің дені пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты шағымдарын жіберіпті. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларына байланысты да сауалдар жетерлік. Әсіресе, ата-аналар тарапынан.

Тұрғындардың жолдаған мәселелерін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті тиісті органдарға жіберіп, реттелуін қадағалайды. Мұндай жұмыстың арқасында биыл бірнеше проблема біржақты етіліпті.

Есқали Саламатов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

–  Тимирязев ауданына қарасты Белоградовка селосының тұрғындарынан мынандай сауал түсті. Олар сумен жабдықтау жұмыстары үшін ақша жинадық, бірақ ол үшін ешқандай түбіртек берілмеді деп хабарласты. Біз іске кірісіп, жауапты органдарга жүгіндік. Нәтижесінде тиісті қағаз адамдарға үлестірілді. Тағы, Қызылжар ауданындағы көпбалалы ана мекенжайлық әлеуметтік көмек ала алмай жүріпті. Оның да мәселесін сол күні-ақ шештік.

Бұдан бөлек, Мамлют ауданының тұрғыны білім беру мекемесінен Кривое көліне қалдықтар төгіліп жатқандығын жеткізіпті. Сауал СҚО бойынша экология департаментіне жолданған. Нәтижесінде оқу ұясының басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Тағы, брифинг барысында Есқали Саламатов көптің талқысындағы жағдайды әңгімеледі. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде қалалық әкімдік жалпы құны шамамен 23 млн теңге тұратын көлік алайын деп жатыр деген хабар тараған еді. Мұны да департамент өкілдері тексеріпті.

Есқали Саламатов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

–  Бізге бұл мәселе бойынша да сұрақтар келіп түсті. Сауалдың нақты жауабын білу үшін зерттеу жүргіздік. Сонда 23 млн теңгеге бір емес, 2 көлік алынатындығына көзіміз жетті. Олар бизнес емес, ортаңғы класстағы темір тұлпарлар болады. Машиналар – отандық өнім. Нақтырақ айтсақ, қалалық әкімдік орта санаттағы мемлекеттік қызметшілер үшін KIA Optima көліктерін сатып алмақшы.

Осы орайда айта кетейік, әрбір тұрғын 87075641424 нөміріне хабарласып көкейлеріндегі мәселерін жолдай алады. Мамандар сұрақтарды кез келген уақытта қабылдайды.

Байболат Култанов