Білім

Белсенді оқушыларға шәкіртақы табысталды

Үздік әрі үлгілі оқушылар бірреттік шәкіртақыға ие болды. Юрий Гагарин атындағы №14 орта мектебінің ұжымы ата-аналармен бірлесіп осындай ерекше шешім қабылдаған. Мақсат – балалардың оқуға деген ынтасын қолдап, одан әрі арттыру. Бұндай марапатқа шәкірттер тарапынан да ризашылық байқалды.

Ксения Борст 7-ші сыныпты тәмамдағалы отыр. Ол жыл бойы пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанған. Бүгін оқушы «Үздік білімпаз» аталымында топ жарып, арнайы шәкіртақыға ие болды.

Ксения Борст – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің оқушысы:

– Биыл қалалық олипиадаларға қатысып, жақсы нәтиже көрсеттім. Енді облыстық жарыста жүлделі орын аламын деген ойдамын. Былтыр осындай шәкіртақы маған бұйырмады. Ал биыл өзімді жақсы көрсетіп, тырысқанның арқасында осыған қол жеткіздім.

Ал Эвелина Новоселова “Умники и умницы” номинациясы бойынша марапатталды. Озат оқушы келесі жылы 2-ші сыныпқа барады. Жеткіншектің сүйікті пәні – математика.

Эвелина Новоселова – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектептің оқушысы:

– Мен сабағымды 5-ке оқимын. Сүйікті пәндерім де көп. Болашақта актриса болғым келеді.

Жалпы, бүгінгі шараны мектептің ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңесі ұйымдастырған. Үздік әрі үлгілі оқушыларға барлығы 5 номинация таңдап алынған. Бұл күні шәкіртақы 57 балаға берілді.

Ольга Попова – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы:

– Ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңес бірігіп бір ортақ шешімге келдік. Енді, жыл сайын осындай шара ұйымдастырып тұрамыз. Жыл қорытындысы бойынша балаларымызға мектеп шәкіртақысын береміз. Осы арқылы ұл-қыздарымыздың оқуға деген ынтасын артырамыз деген ойдамыз.

Айта кетейік, Ю.Гагарин атындағы №14-ші орта мектепте 400-ге жуық бала білім алады.

Дана  Ешкенова