Мәдениет

«Аманат music» 2-халықаралық фестивалінің облыстық кезеңі өтті

Әсем ән мен тәтті күй. Петропавлда «Аманат music» атты 2-ші Халықаралық фестивалінің облыстық байқауы өтті. «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған сайысқа 5 пен 21 жас аралығындағы 50-ге жуық өнерпаз қатысты. Олар музыкалық аспапта ойнау, ән айту, өлең оқу сынды 6 номинация бойынша бақ сынасты.

Сахнада өнер көрсетіп жатқан – Алмагүл Тастанова. Ол қазақ ақындарының өлеңін мәнерлеп оқуда. 18 жасар бойжеткен жастайынан поэзияға жақын.

Алмагүл Тастанова – байқауға қатысушы:

–  Бүгінгі жарысқа біріншіден өзімнің бағымды сынап келдім. Өзіміздің мұзбалақ ақын М.Мақатаевтың «Сезбейсің бе?» өлеңін таңдадым. Осы арқылы өлеңге деген махаббатым мен сезімімді жеткізгім келеді. Негізі, Абай атамыз айтқандай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы. Қиыннан қиыстырар ел данасы» демекші, өлең деген қасиетке бас иіп келіп отырмын.

Алмагүл Тастанованың өнері бірден қазылар алқасының көңілінен шықты. Жалпы, “Аманат” конкурсына қатысушылар мәнерлеп оқудан бөлек, тағы дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп шырқау, ұлттық аспаптарда күй шерту сынды 6 номинация бойынша өнер көрсетуде.

Данияр Қапар – байқауға қатысушы:

– Осы конкурсқа мен алғаш рет қатысып жатырмын. Кішкене қобалжуым бар.  Мен домбыра тартуды 6 жасымда үйрендім.  Маған Құрманғазының күйлері ұнайды.

Бұл байқау облыста биыл алғаш рет өткізіліп жатыр. Оған 5 пен 21 жас аралығындағы 50-ге жуық солтүстікқазақстандық қатысуда. Ұлттық өнердің дамуына серпін беретін сайыста үміткерлердің таңдаған шығармасының мәні мен мазмұнына баса назар аударылады. Талантты жастардың өнерін өңірімізге белгілі / мәдениет саласының өкілдері мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова бағалады.

Сәуле Жанпейісова – дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Конкурстың мақсаты – дарынды жастарға, оның ішінде ұлттық өнерді жанына серік еткендерге қолдау көрсету.Радио, телеарна саласында жастардың шығармашылыған жазып көрсетеді. Оның ішінде – «Шалқар» радиосы. Онда «Аманат» music жеңімпаздарын насихаттап жатырмыз.

Байқау соңында жүзден жүйрік атанғандарға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйақы беріледі. Ал жеңімпаздар өңір намысын маусымның 12-сі күні Алматы қаласында өтетін республикалық сайыста қорғайды.

Маржан Қасымбек