Қоғам

Сайлауалды науқан

Ел тарихы үшін маңызды күн. ҚР Президентін сайлауға 3 аптадай уақыт қалды. Қазір аймақта шараға қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Өңірімізден үміткерлерге дауыс беретін азаматтардың тізімі нақтыланып, учаскелер барлық керек-жарақпен қамтылуда.

Маусымның 9-ы жасы 18-ден асқан әрбір Қазақстан азаматы еліміздің болашағы үшін тарихи шешім қабылдайды. Бір адамдай болып тұрғындар мемлекет тізгінін ұстайтын, республикамызды жаңа белестерге жетелейтін басшыны таңдамақ. Маңызды шараға өңірімізден 402 мың 506 адам қатысады. Әзірге, бұл тізім нақты емес дейді мамандар. Қазір сайлаушылардың саны нақтылану үстінде. Жалпы, теріскейліктер аймақтағы 663 учаскенің біріне барып, Президент болуға лайықты деген үміткерлерге дауыстарын бермек. Бүгінде сайлауға дайындық науқаны қызу жүріп жатыр.

Ерболат Бекшенов – облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Сайлау комиссиялары жұмысын мамырдың 10-ынан бастады. Учаскелердің барлығы бүгінде қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылған. Қазіргі таңда ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының жергілікті филиалында мамандарды арнайы оқытудан өткізіп жатырмыз. Семинарлардан 115 адам өтті. Дәл осындай жұмыстарды енді аудандарда жүргіземіз.

Жүргізілген жұмыстардың барлығы – бақылауда. Өңірге 4 күн бұрын Италия мен Норвегия елдерінен шетелдік сарапшылар келді. Мамандар шараның ашық өтуін қадағалайтын болады. Қазір олар учаскелерге барып, шаруа барысымен танысып жатыр.

Ерболат Бекшенов – облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Биылғы жылы мүгедек жандардың сайлауға қатысуына толық жағдай жасалатын болады. Арбаға таңылғандарға учаскелерде арнайы кабиналар орнатамыз. Осылайша, олар қиындықсыз құпия түрде дауыстарын беру мүмкіндігіне ие болады.

Атап өту қажет, сайлауға қатысу мүмкіндігіне жабық типтегі әскери және емдеу мекемелерінің қызметкерлері иеленетін болады. Аталған санаттағы қазақстандықтар үшін маусымның 9-ы 12 жабық сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Эльмира Садвокасова