МТРА жаңалықтары

Сайлау науқанында жұмыс жасайтын сарапшылар даярлануда

Теңдік, саналы таңдау, әділдік, келісім және сенім. Бұл – «Аманат» азаматтық платформасы мүшелерінің алдағы сайлау кезеңіне арналған ұраны. Осылайша, ел тұрғындарынан жасақталған 10 мыңға жуық тәуілсіз сарапшы саяси науқанның әділ өтуін қадағаламақ. Қазір ұйым мүшелері өңірлерді аралап, мобильді капитандарды даярлауда.

Президент сайлауына дейін 20 күннен де аз уақыт қалды. Сондықтан, оның әділ өтуін шетелдік сарапшылармен қатар «Аманат» азаматтық платформасының мүшелері де қадағаламақ. Қазір республикалық ұйымның өкілдері аймақтарды аралап, өңірлерде сарапшыларды дайындауда.

Шыңғыс Лепсібаев – «Аманат» азаматтық платформасы көшбасшысының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Біз барлық сайлау учаскелерінде біздің сарапшылардың болғанын қалаймыз. Сондықтан, 10 мыңға жуық адамды дайындамақпыз. Олар саяси доданың әділ өтуін қадағалайтын болады. Сарапшы ретінде біз ешқандай партияға тіркелмеген, үкіметтік емес ұйым мүшелерін және өзінің азаматтық белсенділігі жоғары кез келген азаматты қабылдай аламыз.

Аталмыш ұйым биыл алғаш рет сайлауда жұмыс жасамақшы. Сол себепті, сарапшыларға семинар барысында жұмыстың барлық жай-жапсары түсіндірілуде. Әзірге, облыс бойынша 22 адам таңдалып алынған. Кейін бұл жандар өз аумақтарында оқыту жұмыстарын жүргізуі тиіс. Өйткені, мобильді капитандар маңызды науқанға дейін де жұмыс істеп, адамдарға сайлауға барудың қажеттігін түсіндіреді. Заңдық тұрғыдан көмек көрсетеді.

Жанат Мұхамеджанов – «Аманат» азаматтық платформасының мүшесі:

– Алдағы уақытта аудандарға шығып, оқыту семинарларын өткізбекпіз. Және ең бірінші рет сайлауға қатысып жатқан жандарға құқықтарын түсіндіреміз. Және олардың белгілі бір қоғамдық ұйымдардың жетегінде кетіп қалмай, таңдауын жасауға көмек көрсетеміз.

Маңызды науқандағы жұмысының қорытындысын «Аманат» азаматтық платформасының мүшелері сайлаудан кейін, яғни маусымның 10-ы жарияламақ.

Магжан Ахмадина