Құрылыс

“Нұрлы жер” бағдарламасының жүзеге асуы

Қазір Петропавлда “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша 4 бірдей баспана салынуда. Біреуі Береке ықшам ауданында бой көтеріп жатыр. Мамырдың 20-сынан бері  бұл үйден пәтер алуға ниетті жерлестерімізден Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өтініштер қабылдауда.

5 қабат, 75 пәтер. Берекедегі бұл баспана 2017 жылдың қарашасынан бері бой көтеріп келеді. Дайын үй жоспар бойынша шілденің 31-і тапсырылуы тиіс. Тындырар шаруа әлі жетерлік. Сондықтан, құрылыс алаңында қазір жұмыс қызу.

Марина Кныш – “Golden House” ЖШС заңгері:

– Қазір баспананың шатырын жауып жатырмыз, қабырғаларын іштен сылап бітіруге жақынбыз. Домофон мен телефоннан өзге ішкі инженерлік желілер де тартылды. Енді әрлеу жұмыстары қалды. Сондай-ақ, газ құбырлары мен электр сымдарын да тартудамыз. Қолданысқа бергеннен кейін өз жұмысымызға 2 жыл кепілдік береміз.

Саят Ермек – тілші:

– “Береке” ықшам ауданындағы жер көбіне батпақтау келеді. Сондықтан, мердігер компания баспананың беріктігіне ерекше көңіл бөлдік деп отыр. Сөздерінше, үйдің астына жиі-жиі етіп тіреуіштерді қаққан, фундаментті де жоғары етіп орналастырған. Қаржының басым бөлігі осында жұмсалыпты.

Үй қабырғасы темірбетон панельдерден көтерілген. Материалдардың бәрі отандық, көбіне Қарағандыдан жеткізіліпті. Мұндағы пәтер бағасы да қолжетімді. Шаршы метрі 140 мың теңге тұрады. Қазірдің өзінде осы үйден баспана аламын дейтін “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” салымшылары тарапынан өтініштер қабылдануда. Үй “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша беріледі.

Алтай Жуанышпаев – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ маманы:

– 20-шы мамырдан 18-ші маусымға дейін өтініштерді қабылдау басталды. Үміткерлерге өтініштерін берулеріне болады. 5 жыл бойы атында үй болмауы керек, Қазақстан ТҮҚЖБ-да 20 пайыздық салымы болуы тиіс. 75 пәтердің 50 пайызы жергілікті әкімшілікте кезекте тұрған адамдарға беріледі. Қалған жартысы банк салымшыларына беріледі.

Саят Ермек – тілші:

– Әрине, алдағы уақытта үйдің айналасындағы аумақ толығымен абаттандырылады. Нақтырақ айтсақ, инженерлік желілер тартылады, асфальт төселеді, балалар алаңқайы орнатылады. Бұл үйден пәтер алған жерлестеріміз қоныс тойын жоспар бойынша тамыздың соңында – қыркүйек айының басында тойлауы тиіс.

Саят Ермек