МТРА жаңалықтары

Петропавлда ашық қоғамдық қабылдау өткізілді

Жолдарды жөндеу, мекенжайлық әлеуметтік көмек алу және баспана мәселесі. Солтүстікқазақстандықтар осындай толғандырған мәселелерін жергілікті билік өкілдеріне қоғамдық қабылдауда жеткізді. Демалыс күні өткен маңызды шараға жалпы 150 адам қатысқан. Соның 30-дан астамы сауалдарын облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа жолдады.

Таң сәріден Н.Погодин атындағы орыс драма театрына ағылған халықта есеп жоқ. Облыс және шаһар басшылары, басқарма жетекшілері мен монополист компания өкілдеріне базыналарын жеткізуге солтүстікқазақстандықтар көптеп жиылған. Айталық, мына 2 азаматша Береке ауданы тұрғындарының өтінішін арқалап өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловқа келген. Досмұхамбетов және Северная қысқа көшелерінде тұратын нәзікжандылар мұндағы жолдарды қалыпқа келтірсе екен деген тілектерін жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көшені асфальттап бере алмаймыз. Ал қиыршық тас төсеуге болады. Бірақ, оның өзін қарап, тексеру қажет. Өйткені, біз ең алдымен адамдар көп тұратын жерлерде жөндеу жүргіземіз. Ал Северная көшесі қысқа. Жалпы, биыл қала бойынша 400 шақырым жол қалыпқа келтірілуде. Соның 200 км-не асфальт төселеді. Бұл жоспарға аудандағы Досмұхамбетов және Ухабов көшелері кіреді.

Қоғамдық қабылдауға өз сұрағын қою үшін аудандардан да тұрғындар арнайы келген. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы Сенжарка ауылынан жеткен Александр Фролов.

Александр Фролов – Сенжарка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Ауылымыздағы 100-ге жуық соғыс ардагерінің есімі ескерткішке енгізілмей қалған. Өйткені, бір кездері елді мекен бір ауданнан екіншісіне өтіп жүрді. Сол кісілердің атын өскелең ұрпақ ұмытпау үшін тақтаға жазу қажет. Осы іске сізден қаржы сұрай келдім.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Жақсы іс жасап жүрсіз. Біз сізге міндетті түрде көмектесеміз. Тек тиісті құжаттар болса болғаны. Соны реттесеңіз, біз қаржы бөлуге дайынбыз.

Ал көз жасына ерік берген көпбалалы ана Татьяна Пипус баспана сұрай келген. Өйткені, оның үйіне биыл көктемде су кіріпті.

Татьяна Пипус – көпбалалы анна:

– Үйімізді су басып, шатырымыз құлағалы тұр. Сосын бізге қала әкімдігі 4 күнге пәтер жалдап берді. Мерзімі аяқталған соң ол жерден кетуге тура келді. Өзіміздің баспанамызға оралдық. 7 балам бар. Оның біреуі мүгедек. Мұғалімдер үйге келіп оқытады. Апаттық тұрғын жайдан шошыған олар да келмей қойды. Баспанамыз сыз тартады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Мәселеңіз шешіледі. Әзірге, сізді уақытша баспанамен қамтимыз. Ал кейін пәтер беруге тырымасыз. Өйткені, биыл біз көпбалалы аналардың 30 пайызын үймен қамтамасыз етпекшіміз.

Өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, ашық қоғамдық қабылдау – халықпен тығыз байланыс жасаудың тиімді тәсілі. Осыған дейін өткізілген шараларға 700-ден астам адам қатысыпты. Оның 150-ге жуығын облыс әкімі қабылдаған. Кейбір мәселелер уақытты талап етсе, біраз сұрақтар өз шешімін тапқан.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Былтыр Леденев ауылының тұрғындары су мәселесін шешуді сұраған еді. Біз ол жағдайды реттеп, тек осы елді мекенде ғана емес, 40 шақты ауылға ұзындығы 214 км болатын колонкалар орнатылатын болады. Тағы қаладағы Первомай көшесінде 4 апатты үйдің де мәселесін шешіп отырмыз.

Сөйтіп, мүшкіл жағдайдағы 4 баспана тұрғындарына жаңа пәтерлер берілмек. Демалыс күні өткен кездесу барысында аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа өз базынасын 32 солтүстікқазақстандық жеткізді. Олар негізінен баспанамен қамту, жол, жер мәселесі және автобустардың қатынауына қатысты сұрақтарын қойған. Ал облыс әкімінің орынбасарлары бұл күні 21 адамды қабылдапты. Динара Тұрсынбаева – көпбалалы ана. Ол тиісті мекенжайлық әлеуметтік көмекке қолжеткізе алмай жүр.

Динара Тұрсынбаева – Тауағаш ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

–  АСП төленбейді. Ауылды жерде мал ұстаймыз. Соның барлығы есептеледі. Тауығымыздың жұмыртқасына дейін есептейді. Сол 4 сиыр үшін АСП берілмейді. 5 балам бар.Үлкені студент. 2-курста оқиды. Өзім жұмыс істеймін. Шамалы ғана жалақы – 48 мың. Оны ешқайда жеткізе алмаймын. Жолдасым операциядан шыққан. Жұмысқа әлі жарамсыз.

Көпбалалы ана бұл сұрағын облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевке жолдады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

–  Бұны қарастырамыз. Егер дұрыс болмаса онда төлене бастайды.

Ал келесі бір көпбалалы ана Надежда Хлопцева шаһар әкімі Болат Жұмабаковке жолықты. Ол осы санаттағы жандарды қоғамдық көлікте тегін жол жүру билетімен қамтамасыз етсе екен деген өтінішін айта келген.

Надежда Хлопцева – көпбалалы анна:

–  Автобусқа аптасына 1000 теңге жұмсайды екенмін. 7 балам бар. Олардың екеуі – студент, қалғандары мектепке барады. ЖОО-да оқитындар шәкіртақы алады. Өз қаржылары – өздерінде. Ал қалғандарын мектепке өзім апарып, алып кетемін. Сондықтан, еліміздің өзге қалаларындағы сияқты көпбалала аналарды тегін жол жүру билетімен қамтыса екен деймін.

Бүгіндері қалада 1 165 көпбалалы отбасы бар екен. Қала әкімі аталған мәселені қарастырып көретіндіктерін айтты.

Мағжан Ахмадина