Спорт

Өңірде ат жарыс маусымы ашылды

Өңірде ат жарыс маусымының ашылуы өтті. Ауқымды шараға жергілікті барлық аудандар мен Ақтөбе, Ақмола облыстарының ат құлағында ойнайтын шабандоздары қатысты. Дүбірлі додада көрерменнің делебесін қоздырған 9 бәйге ұйымдастырылды.

Жазық дала, домбыра үні мен ұлттық киімдегі қыз-жігіттер. Бүгін – осыдан 7000 жыл бұрын жабайы жылқыны алғаш болып қолға үйреткен ата-баба ұрпағы үшін нағыз мереке. 7 ай бойы күткен ат жарыс маусымының ашылуы. Көкпар шауып, ат құлағында ойнау қазақ халқының қанына сіңген қасиет. Ұлттық құндылығымыз бүгінде одан әрі даму үстінде. Спорттың бұл түрімен қазіргі таңда 8 мыңнан аса солтүстікқазақстандық айналысады екен.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Бүгінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен ұлттық спорт түрлерін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Облыста құрылған «Тұлпар» ат спорты клубы аз уақытта жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Көкпаршыларымыз республикалық жарыстарда жеңіске жетуде. Бүгін де талай тұлпарлар бәйгеде озып, көзге түседі деген ойдамын.

Бәсең әрі әдемі жүріспен ортаға тұлпарлар шығарыла бастады. Черемош атты желісті жылқы үшін әрдайым жұртшылық назарында болу – үйреншікті дүние. Сондықтан, жүйрік асықпай, жүрісімен көрерменнің таңдайын қақтырып келеді. Ал Бахус болса тулап, бірден шаба жөнелді. 4 жасында 1600 метрлік қашықтықта рекорд орнатқан ат қазіргі таңда жарыстарға қатыспайды екен. 7 ай бойы қорада тұрып, бәйге алаңына шықпағандықтан болар, мінез-құлқын таныта бастады. Атбегінің айтуынша, жылқы аламандарды сағыныпты.

Артем Чибисов, атбегі, Аққайың ауданы:

– Бұл тұлпар 4 мәрте рекорд орнатты. Үздік нәтиженің үшеуін ол -Ресей ипподромдарында, тағы біреуін біздің бәйге алаңында көрсетті. Қазіргі таңда жасы – 10-да. Жарыстарға қатыстырмаймыз. Құлындары бар. Соларды алдағы уақытта аламандарға дайындағымыз келеді. Жалпы, мінез-құлқы жөнінен өте сабырлы. Бірақ, көптен бері сайыстарға қатыспағандықтан, аздап құтырып тұр.

Тағы көрермендердің назарына пони аттары да ұсынылды.

Әлия Асқарова:

–  Ол – 4 жаста. Аты – Снежинка. «Зенченко и К» КС тиесілі. Оның алдағы уақытта құлыншағы болады. Күнделікті біз оны тазалап, шаштарын тараймыз. Қыдырамыз.

Бұл уақытта 1800 метр қашықтыққа өткен жайшабыс аяқталып, жеңімпаздары марапатталды. Жарыс жолына 4 жастағы желісті жылқылар мен олардың шабандоздары дайындалуда. Бәйге алаңында 5 жүйрік сыналатын болады. Қайсысы жеңіске жетер екен?

1600 метр. Жүйріктер үшін бұл қашықтық түк емес. Бастысы – атбегі жылқыға барынша дұрыс бағыт беріп отыруы қажет. 2 мин 08 секунд ішінде қызылжарлық Галактеон атты тұлпар өзгелерін шаң қаптырып кетті.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Көрермен назарына 9 бірдей ат жарысы ұсынылады. Жүлде қоры – әзірге, 600 мың теңге. Бұған әлі сайысқа қатысатын шабандоздардың төлейтін жарнасы қосылады. Кейін қаражат жүлделі орын иеленгендерге берілмек. Ауқымды шараға өңіріміздің 13 ауданы мен Ақтөбе және Ақмола облыстарынан да жүйріктерін ерткен шабандоздар келді. Дүбірлі додаға барлығы 50 спортшы қатысуда.

Көрермендердің делебесін қоздырған бәйге де бастау алды. Аламан – нағыз жүйріктердің сайысы. Мұнда тек тұлпардың дайындығы ғана емес, спортшының әзірлігі де сыналады. Жарыста мықты әрі жылдам дегендердің барлығы бірдей жеңіс тұғырынан көріне бермейді. Бәйгенің нәтижесі шабандоздың жағдайды дұрыс бағалап, бағамдап, аттың күшін тиімді пайдалануына байланысты. Ауа райының бұзылып, жаңбырдың жаууы тұлпарларға керісінше қарқын қосты. Олар жауын астында желмен жарысып, өзгелеріне дес бермеуге тырысуда.

Аламан бәйгенің тең жартысы өтті. Әзірге, көш басында – 53-ші нөмірлі айыртаулық Нұрбол Тоқтаған мен Қызылжар атты жылқы. Жарыс соңына дейін барлығы өзгеруі мүмкін. Соңғы айналымдарда шабандоздар тұлпарлардың қарқынын арттыра түсті. Бабы мен бағы қатар шапқан 12 жастағы айыртаулық жеткіншек астына мінген жүйрігімен аламанның жеңімпазы атанды.

Нұрбол Тоқтаған – шабандоз, Айыртау ауданы:

– Мен жарыстарға 11 жасымнан бастап қатысып келемін. Атқа 9 жасымнан отырдым. Аламан бәйге – қызық. Ат – 4 жаста. Біз оған жем беріп, суарамыз.

Дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры 1 млн 155 мың теңгені құрады. Басты жарыс – аламан бәйгенің жеңімпазы 165 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақымен марапатталды.

Эльмира Садвокасова