Қоғам

Петропавлда пісірілген сиыр тілінен ине шықты

Пісірілген сиыр тілінен ине шықты. Қала тұрғыны Ольга Белякова сауда үйлерінің бірінен ірі қараның тілін сатып алған. Оны жеу барысында инеге тап болады.

Бұл оқиға ақпан айында болған. Ольга Белякова қаланың орталығындағы сауда үйлерінің бірінен пісірілген сиыр тілін сатып алады. Оның жартысын үйдегі 2 баласына тастап, қалғанын жұмысына алып кетіпті. Сыртынан әдемі болып көрінген өнімнің ішінде ине жатқанын кім білген?! Бір тістеп қалғанда үшкір дүние тіліне қадалыпты. Ине дегенде, киім тігетін емес, шприцтің инесі.

Виктория Барсегян – Ольга Белякованың құрбысы:

– Ольга Белякова сиыр тілін сатып алған уақытта мен жанында тұрдым. Келесі күні осындай сұмдық оқиға орын алды. Кейін бірге 3-қалалық ауруханаға бардық. Дәрігерге қаралған соң сауда үйіне келіп сатушыдан түбіртек талап еттік. Ол болмай шықты. Оған қоса тауардың өзге құжаттары да жоқ.

Кейін, Ольга Белякова сауда нүктесінің иесіне шағымданады. Оған болған жайтты, тіліне ине зақым келтіргенін хабарлайды. Бірақ, Ирина Константинова бұдан хабарсыз екенін айтып, ақталған екен.

Надежда Дубовая – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Константинова сауда орнында не сатылып жатқандығында менің қатысым жоқ деп мәлімдеді. Оның айтуынша өнімді Перфильева деген нәзік жанды әзірлеп, сатуға берген екен. Кейін, Ольга Белякова тауар даярлаушыны іздейді. Ол қаладағы 19-шы шағын ауданында тұратын болып шықты. Тілдесе келе, азаматша сиырдың тілін үйінде пісіретіндігі анықталды. Ешқандай рұқсатнамасы, сертификаты болмай шықты.

Сот отырысына Ольга Белякова келе алмады. Оның денсаулығы сыр беріп, ем қабылдап жүр екен. Дегенмен, біз жәбірленушімен кездесуге, мән жайды сұрауға мүмкіндік алдық. Ол тіліне зиян келгенін және содан кейін дәрігерлерге қаралуға кеткен шығын үшін жарты млн теңге талап етіп отыр.

Ольга Белякова, жәбірленуші:

– Болған оқиғаны біле тұра жауапты адамдар кешірім сұраған жоқ. Сондықтан, сотқа шағым жасауға тура келді. Әділдік керек. Менің басымнан өткен жағдайға ешкім тап болмаса екен деп ойлаймын.

Айта кетейік, сот үкімі 30-шы мамыр күні өтетін келесі отырыста жария болады.

Маржан Касымбек