МТРА жаңалықтары

“Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшелері экспедициядан оралды

Жақында қаламыздағы “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшелері халықаралық экспедициядан оралды. Жерлестеріміз Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыстар жүрген Новгород облысында болып, 10 жауынгердің денесін тауыпты. Тағы, неміс сарбазы киген етіктің табанын, крем ыдысы мен жарылғыш заттардың қалдықтары сынды 30 жәдігерді анықтаған.

Сәуірдің 19-шы жұлдызында “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшелері халықаралық “Долина” экспедициясына аттанды. Жерлестеріміз бірер күнде Ресейдің Новгород облысына қарасты Парфин ауданына жетіпті. Осылайша Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің денелерін іздеуді бастаған. Олар басқа да топтармен біріге отыра 10 шақырым аумақты қараған, қазған екен.

Александр Азегов – “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшiсi :

– Биыл дәстүрлі экспедицияға жалпы саны 23 топ өкілдері қатысты. Іздеу шаралары кезінде 407 жауынгердің денесін таптық. Сарбаздардың тек 10-ының ғана аты-жөнін, қайдан екендігін анықтау мүмкін болды. Олардың бірде-бірі қазақстандық емес. Бұл ретте “Саланг” әскери-патриоттық клубының ерлігін айта кеткен жөн. Біз 7-ақ адамнан тұрдық. Қатарымыздың аздығына қарамастан 10 солдаттың сүйегін анықтадық.

Іздеу экспедициясы мамырдың 6-сында аяқталған. Соңғы күні жерлестеріміз табылған денелерді жерлеуге қатысыпты.

Александр Азегов – “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшiсi:

– Әр жауынгерге қатысты акт толтырамыз. Онда қанша адам табылғанын, қай жерден анықталғанын, қандай тереңдікте жатқанын – бәрін жазамыз. Кейін, сүйектер сол жердің басшылығына тапсырылады. Олар денелерді бауырластар зиратына жерлейді. Бұл шараға біз де жыл сайын қатысып жүрміз.

Майдан даласынан табылған заттар да аз емес. Мәселен, биыл “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшелері өте көп жәдігер анықтапты. Солардың 30-ын өздерінің музейлеріне алып келген. Тарихи дүниелердің арасында неміс сарбазы киген етіктің табаны да бар. Оның асты темірленген, кішкентай шегелермен бекітілген. Бір сөзбен айтсақ, өте мықты қылып жасалған. Ол кеңестік аяқ киімдерден ерекшеленеді. Тағы, осы жерде темекі қағаздарын да кезіктіруге болады. Аталған дүние соғыс жылдары таптырмайтын зат болған екен. Сондықтан, парақтарды фашистер Кеңес Одағы аумағына лақтырған. Әрине, мұны жау әскері өздерінің пайдасын үшін жасапты.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

 – Бұл қағаздарды немістер қитұрқы әрекетпен пайдаланыпты. Оларды елді мекендерге, соғыс енді басталайын деп тұрған алаңдарға самолеттен лақтырған. Мұнда бірнеше ақпарат жазылған. Немістер Кеңес Одағының сарбаздарына, тұрғындарына сендерде ішерге ас, киерге киімдерін қалмады. Соғысарға шамаларын жоқ. Сондықтан, біздің қатарға қосылыңдар деп айтқан. Егер де бізге берілетін болсаңдар мына рұқсат қағазбен келіңдер, сонда қатарымызға қосамыз деген екен.

Тағы, теріскейліктер неміс әскерлерінің суықтан қорғайтың кремнің ыдысын тауыпты. Бір қызығы, оны қазір әлемге әйгілі “Nivea” компаниясы шығарған. Бұдан өзге каска, жарылғыш заттардың қалдықтары мен ыдыс-аяқтар да осында әкелінді. Айта кетейік, бүгінгі күні “Саланг” әскери-патриоттық клубының музейінде 2 мыңнан аса жәдігер сақтаулы тұр.

Култанов Байболат