Білім

Петропавлда кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды 800-ден астам түлек тәмамдайды. Қазір оларды дипломдарын қорғаудан бөлек, уақытында әрі мамандығына сай жұмысқа орналасу туралы сұрақ мазалауы мүмкін. Бұл орайда білім ордасында студенттерге арналып бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Әділ Бейсембаев дипломын биыл қолына алады. Ол – болашақ бухгалтер. Кейін өз мамандығы бойынша еңбек еткенді қалайды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі оған келешекте қызмет орнын анықтауға мүмкіндік бермек.

Әділ Бейсембаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бос жұмыс орындарын қарап шықтым. Кейбір фирмалар ұнады. Әзірге, мақсатым – ары қарай магистратураға түсіп, білікті маман иесі атану. Оқуды аяқтаған соң қай компанияға барарымды анықтаймын деген ойдамын.

Жәрмеңкеде педагогикалық және техникалық бағыттағы 30-дан астам мамандық таныстырылды. Мемлекеттік мекемелер мен түрлі кәсіпорындар 1-ші күні – 89, ал 2-ші күні 100 бос жұмыс орнын ұсынған.

Наталья Побежук, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық қызмет департаменті директорының орынбасары:

– Жәрмеңке бірінші күні – педагогикалық мамандықтарға оқып жатқан, ал бүгін әлеуметтік-экономикалық, техникалық бағыттарда білім алып жүрген түлектерге арналды. Шара барысында студенттер жұмыс берушілермен тікелей сөйлесуіп, барлығын таразылауға мүмкіндік алды.

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы да жәрмеңкеге атсалысуда. Ұйым жылына 300-ге жуық жас маман қабылдайды. Бүгінде филиал түлектерге 26 бос жұмыс орнын ұсынуда.

Қанат Тайбеков, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Дипломы бар жас ең алдымен емтихан тапсыруы керек. Тестілеу орталығында емтиханды тапсырғаннан кейін “Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясына әңгімелесуге келуі керек. Оның қорытындысы бойынша оған сынақ мерзімі тағайындалады. Сынақ мерзімін тәмамдаған соң, оны жұмысқа қабылдайды.

Айта кетсек, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне барлығы 800-ге жуық түлек пен 200 жұмыс беруші қатысты.