Балалар

И.Шухов атындағы кітапханада коворкинг орталығы ашылды

Иван Шухов атындағы кітапханада коворкинг орталығы ашылды. Жастарға арналған алаң заман талабына сай жабдықталған. Онда кейінгі буын өкілдері кітап оқып, шығармашылықпен айналыса алады.

Бүгінгі жастар ақпаратты әлеуметтік желіден іздейтіні белгілі. Көпшілігі кітапханаға кіре бермейді. Жас ұрпақты оқулықтан рухани азық іздеуге баулуда жаңадан ашылған коворкинг орталығының рөлі ерекше. Қаласаң, мұнда тегін интернет те бар әрі осында отырып кітап оқуға да ыңғайлы.

Ләззат Ерқожина – И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының меңгерушісі:

– Биыл білесіздер «Жастар жылы» болғандықтан, жастарға көп көңіл бөлініп жатыр. Біздің кітапхана ұжымы да «Жастар уақыты» деген кітапхана түнін ұйымдастырып жатырмыз. Мұндағы біздің негізгі мақсатымыз – дарынды жастарға шығармашылық қарым-қатынас жасауға мүмкіндік жасау.

Коворкинг орталығында кешкі сағат 6 мен 9 аралығында қызықты іс-шаралар өткізіледі. Жастар заманауи әндер шырқайды, түрлі аспаптарда ойнап, әдеби кештерге қатысады. Келушілерге шығармашылықпен айналысуға мол мүмкіндіктер жасалған.

Қоғамның негізін қалаушы – отбасы. Жанұя қаншалықты тату болса, онда өсіп жетілген балалардың дені де қуатты болады. Коворкинг орталығында осыны негізге ала отырып «Family start» клубы да құрылыпты. Мұнда аптасына бір рет жастарға отбасындағы құндылықтар мен бала тәрбиесіне қатысты дәрістер оқылмақ.

Гүлдана Рысбаева – СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

– Халықаралық отбасы күні аясында «Modern Qazaqstan» қоғамдық бірлестігімен кітапханадағы коворкинг орталығында осындай клуб ашып отырмыз. «Family start» клубы – алғашқы жастар келіп ойларын айтатын алаң.

Отбасылық құндылықтар жайлы сөз қозғап, өз пікірін білдірушілер арасында Дания Исқалиева да бар. Жас ана үй шаруасынан бөлек, йога жаттықтырушысы болып еңбек етеді.

Дания Исқалиева, “Family start” клубының сарапшысы:

– Көптеген адамдар менің қалай үлгеретінім жайлы жиі сұрайды. Шын мәнісінде, егер сен өз ісің мен отбасыңды сүйсең барлығына уақыт таба аласың.

Айта кеткен жөн, “Family start” клубы бір жыл бойы жұмыс атқарады.

Маржан Касымбек